Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Шымкентте қайырымдылық шарасының соңы тартыспен аяқталды

AstanaTV
03.06.2014ж. 20:00
1169
Шымкентте қайырымдылық шарасының соңы тартыспен аяқталды

Шымкентте қайырымдылық шарасының соңы тартыспен аяқталды. Тегін жұмыртқаның кезегіне тұрған көпшілік ақыр аяғында төбелесіп тынды. Қайырымдылық шарасын жергілікті құс фабрикасы ұйымдастырған. Олар әрбір анаға алпыс жұмыртқадан тегін үлестіретіндерін алдын ала хабарлаған екен. Ақысыз тауардан құр қалғысы келмегендердің көптігі сонша, айтылған орында ине шаншар жер болмады. Кісі қарасы тым көп болғандықтан, ұйымдастырушылар "сыйлық бәріңе жетеді, жетпей жатса тағы алдыртамыз" деп те айтқан.

Әуелгіде жайбарақат концерттік бағдарламаны тамашалап, сыпайыгершілікпен кезекке тұрғандар кенеттен бірін бірін түтіп жеуге дейін барыпты. Куәгерлердің айтуынша, әуелі жанжалды жасы үлкендер бастаған. Оларға ілесіп жастар жағы шуласыпты.

Бір қызығы акция тек аналарға ғана арналғанына қарамастан, жұлқыласқан топ ішінде ер азаматтар да табыла кетіпті. Жанжалдың ушыққаны сонша, араға қырық минут салып, ұйымдастырушылар алды артына қарамай акция орнын тастап кетуге мәжбүр болыпты.

Татьяна Кременцова:

Бұл өте қайырымды іс. Бірақ дәл бұлай ұйымдастырылмауы керек еді. Машинаны мына жерге алып кеп қойды. Асықпай барып алуға болады ғой. Адамдар таласып-тармасып, ақыр соңы мынау болды. Қаншама жұмыртқа жарылып жатыр. Бүтін қалғаны мына біреу ғана. Осы дұрыс па?!

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ