$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Астанада Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында презентация өтті

AstanaTV
03.06.2014ж. 20:00
3672
Астанада Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында презентация өтті

Патриоттық биік сезім туралы баланың бал тілімен. Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған "Қазақстанның мектеп оқушылары отан сүйгіштік туралы" тақырыбындағы шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Жеткіншектердің отан сүю жайындағы тырнақалды туындыларын тілшіміз бағалап қайтты.

Бір жыл бойы жинақталған қолжазбаның авторлары - мектеп оқушылары. Қатысушылардың жас мөлшерінде шектеу жоқ. Алдын ала бекітілген тақырыптар бойынша үздік деп танылған шығармалар қорытынды жинаққа енді. 2013 жылдың қыркүйегінде жарияланған конкурстың түйіні үстіміздегі жылдың ақпан айында жасалды. Кітапта "Мәңгілік ел", "Тәуелсіз елдің өткені, бүгіні мен болашағы", "Елбасы жолы", Отанға деген сүйіспеншілік сынды тақырыптарда қазақ және орыс тілдерінде бас аяғы 637 шығарма бар. Туындылар Астана, Алматы қалалары және еліміздің 14 облысының орта мектептерінен жинақталған.

Руслан Қамаш, Астана қаласы ішкі саясат басқармасының жетекшісі:

Жобаның сапасы, мазмұны тек тапсырыс беруші мен оны орындаушыға ғана байланысты емес, осы конкурсты өткізу барысында жергілікті білім басқармалары мен мектеп ұжымының да қаншалықты ат салысқанына, қаншалықты белсенділік танытқанына да байланысты.

Аталмыш сайыс елімізде төртінші мәрте өткізіліп отыр. Бұған дейін "Астана және Президент", "Жеңіс, еске түсіру, патриотизм", "Қазақстан, әскер, патриотизм" атты шығармалар жинағы жарық көрген екен. Ұйымдастырушы Астана қаласы ішкі саясат басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, игі шара жастардың бойында отан сүйгіштік қасиеттерді тәрбиелеуге бағытталған.

Биылғы жинаққа қазақша 390 шығарма енді. Қатысушылардың ішінде Қарағанды мен Павлодар облыстары ерекше белсенділік танытып отыр. Қарағандыдан 125, Керекулік оқушылардан 117 шығарма келіп түсіпті. Елордалық мектептердің бірінің тәрбиеленушісі кішкентай Әдемінің Отан жайында жазған шығармасы да кітапқа енді.

Әдемі Ғабитқызы, байқауға қатысушы:

Менің Отаным - Қазақстан. Мен осы шығармамда өзімнің Қазақстан туралы, жерім, елім туралы жаздым. Қазақстаныма үлес қосқым келеді және оны көркейткім келеді.

Кездесу соңында конкурс жеңімпаздарына арнайы сертификаттар беріліп, шығармалары жарияланған кітаптар табысталды. Сонымен қатар келесі сайыстың тақырыбы белгіленді. Алдағы жылы енді жас қаламгерлер 1945 жылғы Ұлы жеңіс тақырыбында қалам тербеп, мықтыларды анықтайды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ