$499.51 €525.83 ₽4.62
×

ШҚО-ның тұрғындары Алтай өлкесінде су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетпек

AstanaTV
03.06.2014ж. 20:00
1800
ШҚО-ның тұрғындары Алтай өлкесінде су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетпек

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары Алтай өлкесінде су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетпек. Арнайы ашылған қабылдау пункттерінде киім, балалар заттары, төсек жабдықтары мен өзге де тұрмыстық керек-жарақтар жиналып жатыр. Оған қоса, қаражат пен азық-түлік жинау жөнінде кәсіпкерлер арасында жұмыс жүргізілуде.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Алтай өлкесі губернаторы Александр Карлинге көңіл айту жеделхатын жолдап, табиғи апаттан зардап шеккендерге облыстан гуманитарлық жүк жіберілетінін айтты. Гуманитарлық жүк тиелген автоколонна Зыряннан шығады, оған Бородулиха және Шемонаиха аудандарының көші қосылады.

Еске салайық, ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, жаңбырдың салдарынан Сібірдің су басқан үш аймағында 5000-нан астам адам қалып қойған. Өңірде төтенше жағдай тәртібі енгізілді. 

Наталья Шимолина:

Адамдарға көмек көрсету адами парызымыз. Көршілерімізге мұндай қиын-қыстау сәтте киім-кешек, азық-түлікпен көмек көрсетуіміз дұрыс. Өзімізде табиғи апаттар орын алған кезде бізге де көршілеріміз көмек қолын созған. Бұл игі бастама.

Қанат ОРАЛБЕК