Бүгін Қарағандыда бірнеше сауда нүктесі өртке оранып, жарты сағатта күлге айналды. Бір шатырдың астында бір-біріне жапсарлас орналасқан 2 дәмхана мен 1 дүкен жанып кетті. Жалын шарпыған аймақта адам шығыны жоқ. Дәмхана қонақтары мен жұмысшылары дер кезінде сыртқа шығып үлгерген.
Залина Усмаева, дәмхана жұмыскері:
Өрт мына дәмхананың кальян шегетін бөлмесінен шықты. Барлығымыз сыртқа жүгіріп шықтық. Біз қатты қорықтық, себебі ішкі бөлмелерде газ баллондары болған. Өрт сөндірушілер оларды дер кезінде шығарды.
Өрт ел түстеніп болған сәтте басталған. Сондықтан дәмханаларға келушілер айтарлықтай көп болмапты. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметіне ешкім дансаулығына орай шағымданбаған. Есесіне өрт сөндіру қызметі үшін оңай болған жоқ. Жүздеген шаршы метр аумаққа жайылған жалынды ауыздықтау үшін 11 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды.
Жанна Дәуренбекова, Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:
Өрт сөндіру қызметі келгенде, оқиға орнында жалын шарпыған аумақ кеңейіп кеткен болатын. Негізінен шатырлардағы тілсіз жаудың бой бермей жатқанына куә болдық. Өрттің аумағы мың шаршы метрден асады. Қазір есептеу жүріп жатыр. Ғимараттар ескі ағаштан салынғандықтан, өрт тез жайылды.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ