$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Мысырдағы ұшақ апатынан соң өз жолдамаларынан бас тартқан туристер бар, ал әуежай әдеттегі тәртіппен жұмысын жалғастырып жатыр

AstanaTV
09.11.2015ж. 20:00
1049
Мысырдағы ұшақ апатынан соң өз жолдамаларынан бас тартқан туристер бар, ал әуежай әдеттегі тәртіппен жұмысын жалғастырып жатыр

Мысырдағы әуе апатынан кейін Қазақстан да әуежайдағы қауіпсіздік шараларын күшейтті. Бұл туралы Алматы әуежайның басшылығы мәлімдеді. Халықаралық ұшу алаңының вице-президенті Серік Мұқтыбаевтың сөзіне қарағанда, әуежай әдеттегі тәртіппен рейстердің ұшып-қонуын қамтамасыз етіп отыр. Тек Мысыр аумағынан ұшып шыққан азаматтық авиация ұшақтары жіті текеріліп жатыр.

Серік Мұқтыбаев, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ вице-президенті:

Жалпылама ақпаратқа сәйкес қандай да бір күшейтілген тәртіпті қолға алған жоқпыз. Десе де Мысыр бағыты бойынша ұшатын немесе ұшып келетін рейстерді тыңғылықты тексеру туралы ішкі қауіпсіздік қызметіне тапсырма берілді. Сондықтан Алматы әуежайының аумағындағы өткізу пункттерінде бұл талаптар күшейтіліп отырғанын жоққа шығармаймыз.

Мысырдағы Шарм-әл-Шейх қаласына Алматыдан он күнде бір чартерлік рейс бағыт алады. Қазақстан Мысырға ұшуға шектеу қойған жоқ. Тиісінше туристік операторлар да демалыс жолдамаларын сатпау туралы құлақтандырулар алмаған. Алайда Египеттегі жағдайдан кейін жолдамаларын кері қайтарған қазақстандықтар бар екен. Бірақ олардың нақты саны жарияланбады.

Шәкира Әділбекова, Қазақстан туристер қауымдастығы директорының орынбасары:

Әрине, бас тартқан туристер бар. Себебі билет алып, сосын Ресей ұшағының қатысуымен болған оқиғадан соң, қайтадан айнып қалғандар болды. Бұл өз кезегінде туристер легінің азаюына өз әсерін тигізеді. Бірақ қорықпастан, Мысырға ұшып кетіп жатқандар да бар.   

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ