Қызылжарда едені опырылып түскен
жатақхананың тұрғындарына уақытша пана берген кәсіпкерлер шенеуніктердің
әрекетіне наразы. Еске салайық, ақпан айында қаланың қақ ортасында
тұрған жатақхананың бірінші қабатындағы әбден шіріген бетон еден опырылып,
төтенше жағдай жарияланды. Үйдің оң жақ бетіндегі тұрғындар баспаналарын
уақытша тастап кетуге мәжбүр болды.
Жұрттың басым бөлігі жақын-жұрағаттарын
паналап кетті, ал қалған 17 отбасыны қалалық әкімдік пәтер жалдап орналастырып,
қаражат жағын өз мойындарына алған болатын. Жатақханада жүргізілген жөндеу
жұмыстары шамамен бір жарым айдан соң аяқталып, бұқараға баспаналарына оралуға
рұқсат берілді. Дегенмен, мұнымен мәселеге нүкте қойылған жоқ.
Қазір тұрғындарға жалға пәтер берген қонақ үй басшылары дабыл қағуда. Айтуларынша,
билік ауыздарын қу шөппен сүртіп отыр. "Қалалық әкімдік қажет соманың тек
жартысын ғана өтеп, қалған 400 мың теңгені қайтаруға асығар емес", - дейді.
Әділхан Тоғайбаев, компания
директоры:
Тұрғындар біз берген пәтерлерде
ақпанның 25-нен бастап, сәуірдің 2-не дейін тұрды. Әкімдік наурыздың басында
қарызды кезең-кезеңімен өтеуі тиіс болатын. Бұл арада жасалған келісімшартта
да көрсетілді. Мәселен, маған 98 мың теңге қайтарды. Әлі 108 мың қарыз. Менен
басқа 3 компания бар. Әкімдік бізді күнде ертеңмен тойдырып келеді.
Ал әкімдіктегілер бәрі заң
жүзінде іске асып отыр дейді. Айтуларынша, «қалалық әлеуметтік қорғау бөлімі
панасыз қалған әрбір отбасыға 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы бөлді.
Бұл заңда қарастырылған жәйт». Ал қалған қарызды шенеуніктер маусымның аяғына
дейін қайтарамыз деп сендірді.
Дәулет Қалиасқаров, Петропавл
қаласы әкімідігі тұрғын-үй инспекциясының басшысы:
Апатты үйдің тұрғындарына әлеуметтік
қорғау бөлімі 70 айлық есептік көрсеткіштен артық бере алмайды. Қазір қалған
400 мың теңгені қалалық бюджетте қарастырып қойдық, жақын арада мәселе
шешіледі.
Қонақ үй компанияларының өкілдері
бұған дейін кәсіпкерлер палатасына да жолығыпты. Палата өкілдері мәселе таяуда
шешілмесе, оның түйінін тарқатуға мықтап кірісетіндерін айтыпты.
Абзал ҚҰРМАНКИН