$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Қазақстанда су тапшылығы қаупі жоғары

AstanaTV
04.06.2014ж. 20:00
1980
Қазақстанда су тапшылығы қаупі жоғары

Қазақстанда су тапшылығы қаупі жоғары. Климаттың жаһандық жылынуына байланысты болашақта еліміздің оңтүстік өңірлерінде ауыз су проблемасы туындауы әбден мүмкін. Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың сөзінше, Қазақстанның орташа температура көрсеткіші соңғы жылда 0,85 градусқа жоғарылаған. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі:

Бізде климаттың өзгеру проблемасы өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Себебі теңіздерден алшақ орналасқанбыз. Жерлердің шөлденуі, су тапшылығы, мұның барлығы болашақта болуы мүмкін. Бұл проблема Қазақстанның барлық өңірлеріне қатысты, бірақ оңтүстік өңірлерде әсіресе өткір тұр.

Осы мәселелерді ескере отырып, елімізде су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылға дейін тұтынатын су көлемін 33 пайызға дейін төмендетіп, жер үсті ресурстары көлемін ұлғайтпақ. Бар су қоймаларын жаңарту жұмыстарынан бөлек, жақын арада елімізде қосымша тағы 29 су сақтау нысаны салынады.

Сонымен қатар "жасыл экономика" жобасы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бағдарламасы аясында 2050 жылға дейін қоқыстың санитарлық сақталуын 95 пайызға, өңделген қалдықтар үлесін 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Министрдің мәлімдеуінше, жақын арада еліміздің ірі қалаларында қоқысты сұрыптап, бөлек жинайтын арнайы қоқыс жәшіктері қойылады. Бастапқыда қоқыс тек тағам қалдықтары және басқа да қалдықтарға бөлінсе, болашақта бұл жәшіктер көбейеді деп жоспарланып отыр. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ