$499.51 €525.83 ₽4.62
×

БҚО-дағы Шалқар көлін туризм орталығына айналдыру қолға алынды

AstanaTV
04.06.2014ж. 20:00
4979
БҚО-дағы Шалқар көлін туризм орталығына айналдыру қолға алынды

Батыс Қазақстан облысы атқамінерлері аймақтағы Шалқар көлін туризм орталығына айналдыруды қолға алды. Алайда бұл ұсынысты қолдауға кәсіпкерлер асығар емес. Бірі осыған дейінгі әкімдердің бастамасынан аузы күйіп қалған болса, енді бірі құйылар қаржының қайтарына сенімсіз. Биылдан басталар жағажайды жайландыру жұмыстары Батыс Қазақстан облысының туризмді дамыту тұжырымдамасына сай жүргізілмек.  Жергілікті кәсіпкер Қуан Таушанбаев былтыр Шалқар көліне қаладан тікелей автобус шығарыпты. Тұзды көлден шипа іздейтіндер баршылық.

Қуан Таушанбаев, кәсіпкер:

Былтыр торжественно официально аштық.
Хьюндай автобус шығардық. Кісі аз болды, сондықтан тіпті дизтопливоға жетпейді түскен ақша. Сондықтан қазір Пазик шығарып қойдық. Бірақ та енді алдағы уақытта Шалқар көлін жандандырса, жақсы үлкен туристік автобустар шығарамыз.

Шалқар көлі облыс орталығынан 100 шақырым қашықтықтағы Сарыөмір ауылы маңында орналасқан. Шомылу маусымы бастала жағалауда киіз үйлер қаздай тізілетініне жергілікті тұрғындардың көзі үйренген. Олардың айтуынша, істің көзін тапқандар бір жазда жылдық қор жинап алады. Ал билік тізгініндегілер Шалқарды жыл он екі ай бойы пайдалануға болады деп санайды. 

Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Сарыөмірде қазір су бар, газ бар.
Инфраструктура бар, интернеті бар. Енді ғимарат салып, қысы-жазы қолданылатын, осы жерге оқушыларды алып келіп, өзі демаламын деген азаматтарды алып келетін болса, Шалқар көлінің жағасынан бизнес-инфраструктураны дамытуға үлкен мүмкіншілік болады.

Облыс басшысының айтуынша, аймақтағы туризмді дамытудың ұзақ мерзімдік тұжырымдамасы кезең-кезеңмен іске асырылмақ. Алдымен көл маңын көркейтіліп, Шалқарды аймақтағы бірегей туризм орталығы жасау бірінші кезекте. Айта кетейік, жалпы өңірде 60-қа жуық туристік компания бар. Олардың әзірге қызметі тынығушыларды көлге апарумен ғана шектеледі.

Нина Пустобаева, БҚО «Ақ Жайық» туризм қауымдастығының президенті:

Шалқарға Ресейден арнайы келушілер өте көп.
Өтініш білдірген бұл азаматтарға арнап, автобуспен бір күндік демалыс ұйымдастырамыз. Меймандар көбіне Сантас және Сасай тауының табиғатын тамашалайды. Енді жағажай қалыпқа келтірілсе, көлге келіп тынығушылар қазіргіден де көбейер еді.

Әттеген-айы, туристік орталыққа сұранып тұрған өңірдегі сервистік қызмет мәз емес. Жаз бастала жағалаудың көркін келтіретін киіз үйлер ғана. Басқа заманауи демалыс орны мұнда жоқ. Туристік-сауықтыру кешенін салуға ақшаны қалтасынан санап беруге кәсіпкерлер тәуекел етер емес. Ал жергілікті әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының да мүмкіндігінің шектеулі. 

Ержан Балтаев, «Орал» ӘКК »АҚ төрағасы:

Қазіргі таңда біздің өзіміздің есептеулеріміз бар.
Сол есептеулерімізге сәйкес, шамамен 10 миллион теңге қаржы шеңберінде бизнесті бастауға мүмкіндік болады деп ойлаймыз. Алайда СПК барлық қаражатты өзі бөлуі тиісті емес. Енді бәсекелестікті дамыту мақсатында біз арнайы бір кәсіпкермен жұмыс жасауымыз керек.

Мұндай бастама бұдан бұрын да көтерілген. Осыдан 12 жыл бұрын облысқы әкім болған Қырымбек Көшербаев кәсіпкерлерді Шалқар көліне демалыс орындарын салуға үндеген еді. Баянсыз болған бұл бастаманы кейінгі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те көтеріп, аяқсыз қалған болатын. Дегенмен ендігісін уақыт көрсетер.

Еркін ҚАРИН