$498.34 €519.72 ₽4.85
×

4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күні

AstanaTV
04.06.2014ж. 20:00
1810
4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күні

Мемлекеттік гербке бірқатар техникалық өзгерістер енгізіледі. Бұл ақпарат бүгін Ұлттық рәміздер күніне орай Астанада өткен ғылыми - тәжірибелік конференцияда айтылды. Жиында мемлекеттік нышандар санын толықтыру жайы да сөз болды. Мәселен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі ұлттық рәмізге айналсын деген ұсыныс жасалған.

Бас шаһардан бөлек айтулы күн еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен аталып өтілді. Мемлекеттік рәміздерге көрсетілген құрмет туралы Ләйлә Қазиақпарова.

4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күні. Тәуелсіз еліміздің мерейлі осы мерекесі 1992 жылы бекітілді. 22 жыл қатарынан еліміздің әр өңірінде ерекше сән-салтанатпен аталып жүр. Биыл да дәл солай. Бүгін таңсәріден басты нышанның бірі - мемлекеттік әнұранды - Атырауда бір мезетте 600 адам шырқаса, Өскеменде гимнді бір кісідей айтқандардың саны 1 мыңға жетті.

Бұл күні өскемендіктер тарихи тұлға - елтаңба авторларының бірі - Жандарбек Мәлібековпен жүздесу бақытына ие болды. 

Жандарбек Мәлібеков, ҚР Елтаңбасының авторы:

Мемлекеттік рәміздер - мен үшін өте қасиетті ұғым. Халқымыздың ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігінің белгісі. Әрқашан туымыз желбіреп, елтаңбамыз жарқырап, әнұранымыз азаннан кешке дейін айтыла берсін. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің ұғымы.

Бүгін Өскеменде алғаш рет мемлекеттік ту шеруі өтті. Мәдениет қайраткерлері, спортшылар мен өзге де ел дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар шеруге бір кісідей ат салысты.

Ольга Рыпакова, олимпиада чемпионы:

Әрине, мен үшін еліміздің туын алып жүру - өте жауапты іс, абырой. Біз осындай мерекелерді атап өту арқылы жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелейміз.

Ал Қарағанды аспанында бүгін ең алып ту желбіреді. Биіктігі 91 метр болатын ту тұғырын көрген тұрғындар таңдай қағуда. Бір ғажабы, нышан қаланың оңтүстік шығыс бөлігінің кез-келген нүктесінен анық көрінеді. Ту матасының ені - 20, ұзындығы 10 метрді құрайды.

Ал бас шаһарда бүгін ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Келелі жиында мемлекеттік елтаңбамызға өзгерістер енгізілетіні айтылды. Кішігірім техникалық түзетулер екі жыл бойы әзірленген. Рәміздің авторлары бұл түзетулер жайында хабардар.

Өзгерістің өзіне келер болсақ, елтаңбаға алтын түстес рең беріліп, тұлпарлардың қанаттары өңделе түспек. «Қазақстан» сөзінің қарпі де қоюлана түседі. Мұндай түзетулер елтаңбаның бір стандартқа сәйкестендіріп, қателікке жол бермеу үшін жасалып жатыр дейді техникалық реттеу және метрология комитетінің мамандары.  

Ақмарал Қабылова, техникалық реттеу және метрология комитетінің бас маманы:

Тексеріс кездерінде көп өндірушілер қателіктер жібереді. Түсі бойынша дұрыс келмейді. Немесе элементтері сәйкес келмейді. Сондықтан көп қателіктер болмау үшін, бүкіл өндірушілерге бір стандарт бойынша, бүкіл элементке өлшемі болсын, ұзындығы болсын нақты жазылатын болады. 

Сондай-ақ конференция барысында мемлекетіміздің дамудын даңғыл жолға салған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа құрмет көрсету мақсатымен, бейнесін мемлекеттік рәміз ретінде қарастырсақ деген ұсыныс та түсті. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдиннің айтуынша, Елбасы осыған лайық.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА,  Данияр ӘЛІМҚҰЛ, Қанат ОРАЛБЕК