$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Ақтөбедегі айналма жолды алып тастау туралы шешім қабылданды

AstanaTV
06.06.2014ж. 20:00
1640
Ақтөбедегі айналма жолды алып тастау туралы шешім қабылданды

Ақтөбедегі айналма жолды алып тастау туралы шешім қабылданды. Көлік кептелісі жиі орын алатын Әлия Молдағұлова мен Сәңкібай батыр даңғылдарын қарапайым қиылыс біріктірмекші. Айналманың пайдаға аспайтынын жергілікті билік тек 3 жыл өткен соң мойындап отыр. Кезінде бұл жобаға жергілікті бюджетен шамамен 150 млн теңге қаражат жұмсалыпты.

Дәл осы көшеге 2011 жылы су жаңа асфальт төселіп, жаяу жүргіншілерге де жол салынған болатын. Тіпті көгалдандырылған мына қиылыс, енді толықтай сүрілмекші. Негізгі бағыт саналатын Әлия Молдағұлова даңғылына қойылған бағдаршамдар да көлік кептелісін жеңілдете алмады. Атқамінерлер айналма жолдың өзін ақтамағанын халық санының артуынан деп отыр.

Нұрхан Ерғалиев, Ақтөбе қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі:

Бізде қала өзіңіз білесіз, өсіп келе жатыр. Бізде қалада бүгін 148 мың автокөлік тіркелген. Оның ішінде бізге, мысалы, ай сайын 200 машинадай біздің қалаға келіп жатыр. Ол да фактордың бірі кейбір жерде біз осындай корректировка жасаймыз.

Елбасының өз жолдауында Ақтөбе еліміз бойынша агломерация ретінде таңдалып алынған 4 шаһардың бірі болуы қажет екенін баса айтқан болатын. Жергілікті билік те шаһарды мегаполиске айналдырып, халық санын миллионнан асырамыз деп жоспар қойды. Бірақ орталық көшелер қазіргі күннің өзінде көлік нөпіріне төтеп бере алмауда. 3 жыл бұрын салынған айналма жолға жергілікті бюджеттен жұмсалған қаражат та аз емес екен.

Руслан Төреғали, Ақтөбе қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің секторының меңгерушісі:

Жұмыстарды атқарған мердігер мекеме «АссанаСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жалпы құрылыс монтаж жұмыстарының суммасы 150 млн теңге соманы құрап отыр.

Айналма немесе халық арасында сақина тәріздес деп аталатын жолдан бұрын бұл жерде қарапайым қиылыс болатын. Жаңа жоспарға сәйкес сол жоба қайтып оралмақшы. Жүргізушілер мұны дұрыс шешім дейді.

Алдындағы светофор ыңғайлы еді. Қазір ыңғайсыз. Апат көп болады ол жерде. Оны жоқ қылдыру қажет.

Ыңғайсыз ғой. Былай да жүре алмайсыз, былай да жүре алмайсыз. Әсіресе кешкісін. Былай бағдаршам қойса ғой. Бұрынғыдай қалай тұрды, сөйтіп қойса.

Ұнамайды. Час пикте особенно. Ыңғайлы емес ол. Бір
бағдаршам  қою керек. Оң жақ бұрылыс бос болсын.

Жалпы Ақтөбенің жолдарын жөндеуге биыл 3 жарым млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 30 көшені ретке келтіру жоспарлануда. Қазіргі таңда жобалық - сметалық құжаттар дайындалып жатқан Молдағұлова мен Сәңкібай батыр даңғылдарының қиылысына қанша қаражат жұмсалатындығы әзірге белгісіз. Бастысы бірнеше жылдан кейін ол да пайдаға аспай қалмаса болғаны.

Мансұр ЕСҚОЖИН