$527.3 €544.86 ₽4.95
×

Тимур Құлыбаев Алматыда базарлардың жабылуына мораторий жариялауды ұсынды

AstanaTV
05.06.2014ж. 20:00
1461
Тимур Құлыбаев Алматыда базарлардың  жабылуына мораторий жариялауды ұсынды

Өткен күзде қайта-қайта өрт шарпып, елдің назарын аударған барахолканың  қазір жартысынан көбі бұзылды. Тіпті ол жерден 16 гектар жер мемлекет меншігіне алынған. Енді 8 жолақты автомобиль жолының құрылысы басталмақ.

Қала әкімдігінің бұл науқанын жуырда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сынға алды. Президум төрағасы Тимур Құлыбаев Алматыда базарлардың жаппай жабылуына байланысты мораторий жариялауды ұсынды. Шаһарда аты ел аумағына жайылған, бүгінде сұрықсыз күйге енген әмбебап базарға әріптесім Ришат Асқарбекұлының жолы түсті.

Барахолканың орнында қазір жарым-жартылай бұзылған ғимараттарды, тау болып үйілген қоқысты және әлі жиналмаған темір-терсекті көзге түседі. Әдетте қайнап жататын базардағы саудагерлердің де қарасы азайған. "Керек-жарағын әмбебап базардан іздейтін тұтынушылар да бұл жерге келуді сиретті", - дейді сатушылар. Базардың қазір жартысынан көбі қиратылған.

Нұрбек Дауылов:

Біз ғой, саудамызды тастаған жоқпыз, осында қалдық. Ал қаншама базардың тең жартысы бұзылып кетті. Олардың қайда жүргені белгісіз маған.

Қала әкімшілігінің дерегінше, базарға жорық басталмай тұрғанда, мұнда ресми түрде 20 мыңдай адам жұмыс істеген. Арбакештер мен жабайы сауданың көрігін қыздырғандарды айтапағанда. Қазір мұнда еңбектеніп жатқандардың саны белгісіз. Себебі әлі сауда да, базарлардың қызметі де жүйеленбеген. Сауда орындары қиратылу үстінде. Қалалық жер қатынастары басқармасының дерегінше, 16 гектар жер босатылған. Жақын күндері бұл маңда автомобиль жолының құрылысы басталады. Ал эскиздік жобалары мақұлданған «Олжа»,  «Сәлем», «Алатау» және «Сауран» базарларының орнында жаңаша тұрпаттағы сауда үйлерінің құрылысы басталған.

Жанат Айтілеу, Алматы қалалық сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының орынбасары:

Осы күзге дейін барахолканың орнында үш базар қайтадан салынып бітеді. Егер сол бітсе, саудагерлер сол жерде жұмысын жалғастыра береді. Қалғандары соған қарап, өз құрылыстарын жүргізе ме деген үміттеміз.

Қала билігінің бұл бастамасын қолдамайтын күштер кеше оқыс мәлімдеме жасады. Республикадағы ірі бизнес құрылымдарының басын біріктіретін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жетекшісі базарларды қиратуды тоқтату керек дейді. Бұл мекемеге соңғы уақыттары сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлерден түсетін шағымдар тым көбейіп кеткен. Сондықтан палатаның президум төрағасы Тимур Құлыбаев базарларды бұзуға уақытша мораторий жариялау керек деген ұсыныс айтады.

Тимур Құлыбаев, Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  президиумының төрағасы:

Мен үкіметке ашық хат жолдап, базарларды жаппай бұзу науқанын тоқтатуды ұсынамын. Сауда орындарының кешенді жаңартылуынан және құрылыстың қайта жүргізілуінен саудагерлер мен кәсіпкерлер жапа шекпеуі керек еді. Біз үш жақты қарауымыз керек, яғни мұнда тұтынушының, кәсіпкердің және мемлекеттік органдардың үйлесімі болуы шарт.

Кәсіпкерлер палатасының алматылық өкілдері де "өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын" жол тауып, қала басшыларына ұсыныпты. "Дегенмен, қолдау жоқ",  - дейді Ерлан Стамбеков.

Ерлан Стамбеков, қалалық Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы:

Біз өткен күзде Алматының маңынан аймақтық сауда кешенін бір жерге топтастыруға ұсыныс жасағанбыз. Ол қаланың сыртында, ешкімге кедергі келтірмейтіндей етіп салынып, барлық базарларды қаладан тысқары көшіруге көндірмек болдық. Оның жобасын да ұсындық. Алайда жергілікті билік мұны әлі қолдамай келеді. 

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Мораторий мүмкін дұрыс та шығар. Ең алдымен сол базарлардағы азаматтар мен сатушылардың жағдайын қалпына келтіріп, сол орындарына балама болатын орын тауып беріп, сосын барып қана бұзу керек еді. Көп мәселені бәлкім ушықтырмай, мәдениетті түрде шешуге болатын еді.

Бүгін Алматы әкімі  қала базарларын қайта құру бағдарламасына қатысты шұғыл жиналыс өткізіп, жауапты мекемелердің есебін тыңдаған. Бірақ сол тиісті мекемелер қара базарларды бұзуды уақытша тоқтату туралы ұсынысқа қатысты жауап қатпады.

Айта кетейік, Алматыда 74 базар бар. Қала билігінің жоспары бойынша, олардың 30-дан астамы бұзылып, қайта салынады.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ