$527.3 €544.86 ₽4.95
×

Футболдан әлем біріншілігінің басталуына санаулы күндер қалды

AstanaTV
05.06.2014ж. 20:00
1401
Футболдан әлем біріншілігінің басталуына санаулы күндер қалды

Әлем назарын телеэкранға аударатын футболдан әлем біріншілігінің басталуына санаулы күндер қалды. Алайда аяқ доптан төрт құрлықтың басты мерекесін өткізетін Бразилияда әлі күнге дейін наразылық акциялары толастамай жатыр. Жергілікті халық төртжылдықтың басты стартын ұйымдастыруға елдің экономикалық жағдайы келмейді, халықтың күйі онсыз да мәз емес деген сын айтуда. Тек жергілікті билік бар шығынның ақталатынына сенімді. Тілішіміз Азамат Алдоңғаров тарқатады.

32 мемлекет, 32 үздік футбол ұжымы және 4 миллионға жуық турист. Осыншама халық пен теңбіл доптың хас шеберлері Оңтүстік Американың ұлтарақтай ғана Бразилиясына ағылады. 13 маусымды әлем кірпік қақпай күтіп отыр. Бір ай бойы атой салатын футбол мерекесін өткізу мәртебесі араға 64 жыл салып қайтадан Бразилияға бұйырды. Алайда бұл мәртебе елге тым қымбатқа түсіп отыр. 11 миллиард 500 миллион доллар. Осыншама қаражатты бұған дейін ешбір мемлекет жұмсамаған. Жергілікті халықтың ашуын тудырып отырған да осы телегей шығын.

Суелен Кончеокао:

Президент әлем чемпионатына миллиардтап қаражат жұмасауда, ал біздің әлі күнгі дені дұрыс біліміміз де жоқ. Халықтың сапалы ем алу мүмкіндігі жоқ. Билік одан да бірінші кезекте біздің жағдайымызды жөндеп алмай ма?

Шығынның тым көптігін халықаралық сарапшылар да мойындап отыр. Бразилия билігі чемпионат ұйымдастыруда үнемдемеуге бел буған сынды. Әдетте 7-8 стадионда өткізілетін жарыс биыл 12 спорт алаңында өтеді. Бұл қонақжай елге 3 миллиард 600 мың долларға түсті. Мысал үшін, біріншілікті бұдан бұрын қабылдаған Оңтүстік Африка мен Германияның шығынын қосқанның өзінде аталған сомаға жетпейді. Бірақ бұл мәселе президент Дилма Руссефті онша толғандырмайтын сияқты. Халық шуласын-шуламасын, футбол мерекесі қайтсе де өтеді дейді.

Дилма Руссеф, Бразилия президенті:

Біз халықтың әлем чемпионатын тамашалауына кедергі келтіруіне жол бермейміз. Ал бұл шерулер бейбіт түрде өтіп жатқандықтан заңды. Тәртіпсіздіктер орын алса қатаң шаралар жүргіземіз.

Пікірталастар Бразилия әлем біріншілігін өткізу құқығын ұтып алған күннен бастап толассыз жүріп жатыр. Нысандардың құрылысы жоспарланған мерзімде бітпейді, сапасы төмен деген де сөздер болды. Алайда ФИФА шенділері жақында барып елдің дайындығын пысықтап, стадиондарын сынап қайтты. Сарапшылардың көңілі толып отыр. Алайда жергілікті халық биліктің көзбояушылық жасап отырған айтып дабыл қағуда.

Педро Да Коста Монтейру, гид:

Сіздер теледидардан көріп отырғандарыңыз шындыққа сай емес, мына жердегі жағдай мүлдем басқа. Оларға қаланың тек бүтін жағын көрсетеді, ішіне кірсе түтінін де көрер еді.

Біз биліктің назарын өзімізге бұрғымыз келеді. Келіссөздер жүргізу керек.

Талаптарымыз ескеріліп орындалғанын қалаймыз. Егер де орындалмаса, стадионға жолды білеміз, қайтадан келеміз.

Бізге баспана керек, қоқыстың арасындағы өмірден шаршадық. Халықты бүгінге дейін ақымақ қылып келгені жетеді.

Чемпионат қарсаңында Бразилия ірі қалаларының қонақ үйлерінің бағасы еселеп өскенін ескерсек биліктің шығын ақталады деген үміті негізсіз емес. Тарихи сәт пен тартысты көзіңмен көріп қайту бақыты Қазақстандықтарға 30 мың доллардан басталады. Біздің елден футбол мерекесіне 200 адам аттануға сақадай сай отыр. 200 қазақты да, өзге 4 млн спорт сүйер қауымды да Бразилияның ішкі мәселелері онша толғандырмайтыны анық. Сонымен, 12 маусым мен 13 шілде аралығында әлемнің бар назары Бразилияда болмақ.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ