$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Шымкентте кеше қымбаттаған нанның бағасы қайта қалпына келе бастады

AstanaTV
06.06.2014ж. 20:00
1406
Шымкентте кеше қымбаттаған нанның бағасы қайта қалпына келе бастады

Шымкентте кеше қымбаттаған бөлке нанның бағасы бүгін қайта қалпына келе бастады. Бұған дейін 35 теңгеден сатылып жүрген ас атасының құны бір тәулікте 15 теңгеге өскенін айтқанбыз. Облыстық әкімдіктің наубайханаларға тікелей ұн жеткізуші оператордың тасымалдау шығынын, яғни 97 млн теңгесін уақытылы төлей алмауынан деп түсіндірді арнамызға жергілікті билік.

Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Ол бойынша үкіметтің қаулысы бекітілуі керек болатын. Ол жерде осы транспорттық шығындарды субсидиялау бойынша өкіметтің қаулысын күткен болатынбыз. Сол бір екі аптаға кешігуіне сәйкес ол кісі сол транспорттық шығынды төлеу бойынша ұнды бермейміз деп кеше алдымызға қойған болатын. Ол бойынша келісімшарт түзіліп, меморандум жасалып, бір екі аптада үкімет қаулысы шыққасын, ұнды өз бағасына сататын боп келістік.

Жалпы, Шымкентте 33 наубайхана әлеуметтік нан жабумен айналысады. Барлығын да арзандатылған бағадағы ұнмен «Атамекен» корпорациясы қамтамасыз етеді. Кешегі тәулікте аяқ астынан көптеген дүкендерде бөлке нан елу теңгеден сатылған болатын. Ал бүгін таңертеңнен бастап нан қайта 35 теңгеден сатыла бастады. Дегенмен, кейбір сауда нүктелерінде 40-45 теңгеден де сатылып жатыр.

Мұның мәнісін шенеуніктер өткен тәулікте төмен бағадағы ұнға қол жетпегендіктен, базарлардан алынған қымбат ұнмен жабылғанымен байланыстырып отыр. Сондай-ақ әлеуметтік нанмен барлық дүкендер бүгін толық қамтылып жатыр деп көпшілікті сабырға шақырды. Дейтұрғанмен, бір күндік қымбатшылыққа ілесе қоймағанымен, қара және жоғары сұрыпты ұннан жабылатын ақ нанның бағасы алдағы аптада өсу қаупі бар деп санайды сатушылар.

Гүзәл Халниязова, сатушы:

Қара нан, ақ нан бізде 40 теңгеден. Бағасын ұстап тұрмыз. Оны қымбаттатуға әлі қол бермей жатырмыз. Ендігі аптадан көтереміз деген.
-Кім айтып жатыр?
-Поставщиктер, нанымыз көтеріледі деп. Өйткені оларда ұн қымбат. Ұн жеткізе алмай жатырмыз дейді. Ақ ұн, қара ұн қымбаттап жатыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ