$499.51 €525.83 ₽4.62
×

ҰБТ кезінде 37 мыңнан астам тыйым салынған зат тәркіленді

AstanaTV
06.06.2014ж. 20:00
1192
ҰБТ кезінде 37 мыңнан астам тыйым салынған зат тәркіленді

Ұлттық бірыңғай тестілеуде қисынсыз сұрақтар кездескен жоқ. Бұл туралы отандық Білім және ғылым министрлігі хабарлайды. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиевтің айтуынша, тестте мазмұны теріс сұрақтар болмаған. «Тек типографиялық қателер жіберілген», - дейді ол.

Ал Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев Ұлттық тестілеуге жоғары баға берді. «Биылғы жылы орташа балл көрсеткіші 76,8 пайыз болса, өткен жылы 74,7 балл болатын. Түлектердің дайындықтары көрініп тұр. Жалпы нәтижелер қуантарлық», - деді Балықбаев. Бұған қарамастан 468 түлек апелляцияға жүгінді. Бүгінде 51 оқушының өтініші қанағаттандырылды.

Айта кетейік, биылғы сынақта 11 мыңнан астам түлек 100 баллдан астам ұпай жинаған, ал 50 баллдық межеден 17 түлек аса алмады. Ұлттық тестілеу кезінде «шпаргалка» және түрлі техникаларды қолданғандар да болды. Ведомствоның мәліметінше, оқуға түсушілерден 37 мыңға жуық рұқсат етілмеген заттар тәркіленген. 

Тахир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

Біз қанша айтқанымызбен, қанша талап еткенімізбен, ҰБТ кезінде балаларға ұялы телефон немесе басқа бір құралдарды пайдалануға болмайтынын қанша ескертсек те, балалар пайдаланып жатыр. Сол себепті бүгінгі таңда, біздің тек ғана сол кіреберістегі тексерудің өзінде қазір 22 мыңнан астам ұялы телефон, сонымен қоса әртүрлі калькуляторлар, фотоаппараттар, 21 рация, бір канцелярлық пышаққа дейін алып өтемін деген балалар бар.

Жұрағат БАМАН