$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Рахат Әлиев жақын арада Қазақстанға қайтарылмайды

AstanaTV
06.06.2014ж. 20:00
1094
Рахат Әлиев жақын арада Қазақстанға қайтарылмайды

Рахат Әлиев жақын арада Қазақстанға қайтарылмайды. Еліміздің Бас прокуратурасы Қазақстанның Австриядағы экс-елшісі болған Рахат Әлиевтің Венада тұтқындалуы бойынша жазбаша жауаппен ғана шектелді. Баспасөз парақшасында "тергеу жұмыстарын Австрияның құзыретті органдары жүргізуде" деп жазылған. Демек, Рахат Әлиевтің Қазақстанға экстрадициялануы екіталай. Бұдан бұрын да Австрия тарабы экс-елшіні елімізге табыстаудан екі мәрте бас тартқан болатын.

Айта кетейік, Рахат Әлиевке мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыру үшін қылмыстық топ құрды, адам ұрлады және қос банкир Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың өлімі бойынша айыпты деп танылған. Осы айыптаулармен оған сырттай 40 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілген еді. Баспасөз парағында көрсетілгендей, экс-елшінің Венада тұтқындалу себебі де "Нұрбанк" қызметкерлеріне қатысты болып отыр. Ағымдағы жылдың қаңтар айында Рахат Әлиевке қосымша жаңа айыптаулар тағылған еді. Бұрынғы елші мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы Әлнұр Мұсаев бірігіп, оппозиционер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның жүргізушісі мен оққағарын өлтіруге тапсырыс берген деген болатын.

2008 жылдан бері ұстатпай жүрген қылмыскер Австрия билігіне өз еркімен беріліпті. Австрия тәртіп сақшылары 2011 жылы Рахат Әлиевтің соңына түскен, алайда ол жолы да Әлиев ұстатпай, Мальтаға қашып үлгерген. Сондай-ақ, бұл жолы экс-дипломаттың ерікті түрде беріліп, тергеу органдарымен ынтымақтасуға ниет білдіргені айтылған.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ