Бразилияда футболдан әлем
чемпионатының маусымның 12 мен 13 аралығында өтетін алғашқы кездесулеріне билет
алған 1400 жанкүйер билеттерін айырбастауға мәжбүр. Себебі, билеттерде
көрсетілген орындар мен көрермендердің стадионда орналасуы сәйкес келмейді. ФИФА келеңсіздік құрылыс жұмыстарымен
байланысты емес деп отыр. Олардың айтуынша, трибуналарда БАҚ өкілдері мен
тарату құрылғыларын орналастыруға байланысты көрермендердің орындарын өзгертуге
тура келген.
Алайда, БАҚ беттерінде Сан-Паулудағы
футболдан әлем чемпионатының ашылуы, Бразилия мен Хорватия құрамалары бақ
сынасатын біріншіліктің алғашқы ойыны өтетін «Арена Коринтианс» стадионының
жөндеу жұмыстары әлі күнге толық аяқталмағаны жөнінде хабарламалар бірінен соң
бірі таратылып жатыр.
Ақпарат бойынша, 20 мың адамды
орналастыру көзделген уақытша трибуналар құрылысы толық аяқталмаған. Оған қоса, стадион маңы құрылыс жұмыстарынан қалған
қоқыстан тазартылмаған. Ал аренаның VIP-бөлімдеріне жиһаздар енді ғана әкелініп
жатыр. Ашылу салтанатында ойын-сауық шаралары өтетін орын да толық дайын емес
көрінеді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ