Бразилияда өтетін футбол тойы
қарсаңында күтпеген кедергілер басталды. Мыңдаған жанкүйер билеттерін қайта
өткізіп жатыр. Ал Камерун әлем чемпионатына қатысатын болды. Өзге де спорт
жаңалықтары келесі топтамада.
Маусымның 12 мен 13 аралығында
өтетін алғашқы кездесу ойындарына билет алған 1400 жанкүйер оларды айырбастауға
мәжбүр. Себебі көрсетілген орындар мен көрерменнің стадионға орналасуы сәйкес
келмейді. ФИФА бұл келеңсіздік құрылыс жұмыстарымен байланысты емес деп
отыр. Айтуынша, телетарату құрылғылары орнатылғандықтан орындарды өзгертуге тура
келген.
Алайда Бразилия мен Хорватия құрамалары бақ сынасатын алғашқы ойын өтетін
"Арена Коринтианс" стадионының жөндеу жұмыстары толық аяқталмағаны
жөнінде БАҚ жарыса жазып жатыр. Оған қоса, стадион маңы құрылыс қалдықтарынан
тазартылмаған. Ал аренаның ВИП-бөлімдеріне жиһаздар енді ғана әкелініп жатыр.
Ашылу салтанатында ойын-сауық шаралары өтетін орын да толық дайын емес
көрінеді.
Камерун Бразилиядағы төрт
жылдықтың басты доп додасына баратын болды. Құрама ойыншылары чемпионатта
көрсететін өнері үшін төленетін сыйақы жайында билікпен мәмілеге келген
көрінеді. Ойыншылар біріншілікке жексенбі күні аттануы тиіс еді, алайда олар
бірінші кездесу үшін ақы алмай ешқайда ұшпаймыз деген талап қойған. Қаржы
жинастыруға елдің барлық банктері жұмылдырылды. Футболшылар мамыр айының
соңында қаржылық жағдайларына көңілдері толмайтынын айтып, наразылық танытқан.
Алайда Камерун футбол федерациясы құраманы Германия мен Молдавияға қарсы ойынға
шығуға көндірді. Камерундықтар алғашқы кездесуді тең нәтижемен аяқтап,
молдавиялықтардан басым түсті.
Айта кетейік, Бразилия біріншілігі африка
құрамасының ақтық ойындарға шыққан жетінші чемпионаты болып отыр. А тобында
қара құрлық ойыншылары Бразилия, Хорватия және Мексика фотболшыларымен бақ
сынасады. Ұжымның бірінші кездесуі 13 маусымда мексикандықтарға қарсы
жоспарланып отыр.
Теннистен Франция ашық чемпионаты
аяқталды. Ерлер бәсекесінде Испания спортшысы Рафаэль Надаль дәрежелі жарыстың
9 дүркін жеңімпазы атанды Ақтық сында әлемнің бірінші ракеткасы Сербия
спортшысы Новак Джоковичті қапы қалдырды. Бірінші сетте 6-3 есебімен ұтылғанына
қарамастан қалған уақытта Джоковичтің бас көтеруіне мүмкіндік бермеген Надаль
жанкүйерлер қошеметіне бөленді. Испания теннисшісі "Ролан Гарос"
турнирін қатарынан 5-мәрте ұтып отыр.
Әйелдер жарысында ресейлік Мария
Шараповаға тең келер ешкім болмады. Финалда 27-жасар Ресей спортшысы Румыния
теннисшісі Симона Халеппен өзара мықтыны анықтады. Екі сет қорытындысы бойынша
спортшылар 1-1 есебімен тең түсті. Дегенмен, шешуші сетте табандылығымен
танылған Ресей теннисшісі кездесуді өз пайдасына шешті. 2012 жылы да сауатты
ойнымен ерекшеленген Мария Шарапова дәл осы жарыста топ жарды. Бұл жетістігінен
кейін Ресей спортшысы әлем рейтингінде 5-орынға көтерілді.
{