Пиғылы бұзық шетелдіктің ісі сотта қарала бастады. Бүгін Оралда Ұлыбритания
азаматына қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Айыпталушы Барох Питер кәмелет
жасына толмаған қыздарды жалаңаштап таспаға түсіріп, порнографиялық сипаттағы
материалдар дайындады деген күдікпен ақпан айында ұсталған болатын. Сот отырысы
жабық жағдайда өтті. Дегенмен аймақтағы әріптесім Еркін Қарин қандай да бір
ақпарат алуға тырысып көрді.
Мектеп оқушыларын жалаңаштап фотосуретке түсірген шетел азаматына қатысты
сот отырысына бөгде адамдар кіргізілмеді. Залға тілшілер де жіберілген жоқ.
Мұны мамандар сот отырысына жәбірленуші ретінде кәмелет жасына толмаған
балалардың қатысқандығымен түсіндірді.
Британдық Барох Питерге қатысты қылмыстық іс 10 томды құрайды.
Прокурорлардың дерегіне сүйенсек, 10 адамнан арыз түскен. Фотосуретке түскен
қыздардың 7-і Атыраудан, 3-уі Оралдан. Айта кетейік, жапа шегуші тарап моральдық
шығын ретінде 5 млн теңге талап еткен. Бірақ айыпталушы өзін әуесқой
фотосуретші етіп көрсетіп, кінәсін мойындамай отыр.
Алмагүл Ысмағұлова, Орал қаласы прокурорының көмекшісі:
Айыпталушы Барох Питер кінәсін мойындамай отыр. Ол жалаңаш қыздарды суретке
өзі үшін түсіргендігін айтып, ақталуда. Айтуынша, ол мұндай іспен әуесқойлық
мақсатта айналысқан көрінеді.
Барох Питер жасөспірімдермен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Өзін атақты
фотосуретшімін деген ол қыздарды кездесуге шақырып, жалаңаш тәнін суретке
түсіреді. Оқушы қыздарға 10-15 мың теңге көлемінде сыйақы да төлеп отырған.
Құзырлы мекеме шетелдік азаматтың қонақ үйдегі бөлмесінен табылған 2 мың
фотосуреттің эротикалық-порнографиялық сипатта екендігін анықтады.
Бұған дейін, полиция Барох Питердің осындай лас кәсіппен Атырау мен Орал
қаласында айналысқанын мәлімдеген еді. Оған екі бірдей қылмыстық бап бойынша
айып тағылды. Атап айтсақ, кәмелетке толмағандардың порнографиялық сипаттағы
бейнесін әзірлеп, тарату және кәмелетке толмағандарды бірнеше мәрте азғыру.
Айыбы дәлелденсе, британдық Барох Питер 9 жылға сотталып, жазасын Қазақстан
аумағында өтейтінін прокурорлар хабарлады.
Еркін ҚАРИН