Бірер күн бұрын тамақтан уланып,
ауруханаға түскен балалардан ішек жұқпасы анықталды. Бұл туралы оқыс оқиғадан
кейін кешенді сараптама жүргізген Павлодар облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау
департаментінің мамандары мәлімдеді.
Белгілі болғандай, алынған тамақ
сынамаларынан ішек жұқпасының таяқшалары табылған. Бұдан бұрын
хабарлағанымыздай, «Электроник» лагерінен маусымның 26-сы күні 11 балғын
ауруханаға жеткізілген еді. Жүректері айнып,
іші өткен балаларға дәрігерлер тамақтан уланды деген диагноз қойған болатын.
Лабораториялық сараптама жетеуінің бактериялық ішек жұқпасынан, ал төртеуі
астан ұшынғанын дәлелдеді. Шұғыл құрылған комиссия лагерьде санитарлық ережелердің
сақталмағанын әшкерелеген.
Дәлірек айтсақ, ас дайындауда бірқатар
технологиялық процесстердің бұзылғаны анықталды. Оның үстіне температуралық режим де сақталмаған. Бұған қоса, Тұтынушылар
құқығын қорғау департаменті өкілдері нысанның сауықтыру шараларын жүргізуге
рұқсаты болмағанын алға тартты. Эпидемиологтардың сөзіне сенсек,
лагерь өз жұмысын орын алған заңбұзушылықтарды жоймай, бастап кеткен.
Гүлайна Қойбағарова, Павлодар облыстық Тұтынушылар
құқығын қорғау департаментінің бөлім жетекшісі:
Сынамалардың нәтижесінде винегрет, макарон тамақтарында жіті ішек
таяқшаларының табылғаны анықталды. Қазіргі
уақытта осы хабарламаға байланысты Бас прокуратураның тапсырмасымен осы нысанға
тексеру басталды.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ