$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Ел аумағында картоп бағасы шарықтап кетті

AstanaTV
10.06.2014ж. 20:00
2466
Ел аумағында картоп бағасы шарықтап кетті

Ел аумағында картоп бағасы шарықтап кетті. Тіпті оңтүстіктің өзінде 1 келі картоп құны 300 теңгеге жуықтап қалған. Бұрын бұл өнімді қабымен сатып алатын тұрғындар енді түйірлеп алатын жағдайға жеткен. Ауыл шаруашылығы бөліміндегілер бұл қымбатшылықты картоптың тапшылығымен түсіндіруде.

Таразда картоп бағасы шамадан тыс шарықтап тұр. Барлық базарларда баға 250 мен 280 теңге аралығында. Осыдан 2 апта бұрын ғана оңтүстіктегі орташа баға 140 теңге болатын. Жарты айға жетпей бұлайша құбылуының себебін сұрағанымызда, жауапты мекеме өкілдері жауап таппай қиналды. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық басқармасындағылар сұхбат беруден бас тартты. Ал ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары базардаға бағаға бас ауыртпаймыз деді.

Марс Сейдібаев, Жамбыл облысы АШБ азық-түлік мониторингі бағаны тұрақтандыру және ақпаратпен қамту бөлімі бас маманы:

Бағаны жөндеумен мен мәлімет жинамаймын. - Кім жауап береді. Статистика. Біз реттемейміз бағаны.

Ал саудагерлер тасымалдаушыларды кінәлап отыр. Олар бұған дейін картоп көбіне Қырғызстаннан әкелінгенін айтады. Соңғы кезде Пәкістаннан жеткізілген өнім құнына таңданыстарын жасырмайды.

Гүлзада Жамбылова, сатушы:

Пакистандық келгеніне 10-15 күн болды. Күніне қымбаттайды. Поставщиктер күніге азанда барсаң, 10-15 теңгеге қымбаттап тұрады. Ал біз не, әкелгеннен кейін тағы қосамыз 10-20 теңге. Әрине, кінәлі поставщиктер. Ал бұрын қымбаттамай тұрған уақытта, 80, 90, 100 теңгеден аспайтын. Ең сұмдық керемет картошка 120 теңге болатын.

Атырау қаласы тұрғыны:

Бір-екі түйірден сорпаға саламыз. Сосын 1-2-3 түйірден пісіріп, май салып жейміз енді.

Ал атыраулықтар картопты түйірлеп сатып алуға мәжбүр. Өйткені бағасы қалтаны қағып тұр. Қазір мұнда бір келі картоп 240 теңгеге саудалануда. Сатушылар картоп Пәкістан мен Мысырдан импортталған, сондықтан бағасы да жоғары деп отыр.

Алдау Демешова, сатушы:

240 болғанына 4 демалысқа аяқ басты. Өзіміздікін іздейді. Қазақстаннан картоп, Ресей қайда, Қостанай қайда, Павлодар қайда дейді. Олар жоқ. Олардан келсе, арзан бізге.

Павлодарда да жаңа өнім саудаға түскен. Сатушылар арасында «оңтүстіктік» деген атауға ие болған оның бағасы жергілікті картоптан мейлінше қымбат - 220-250 теңге. Қызығы сол - бұл өнім сонау Пәкістан және Қытайдан әкелінеді екен. "Жалпы Керекуде картоп тапшылығы қордағы өнім көршілес Ресейге саудаланғандықтан орын алды,- дейді билік өкілдері.

Ермек Серікбаев, Павлодар қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Білмеймін, бәлкім, бұл елдерде картоп өсірілетін шығар. Оның үстіне өнім ерте алынады. Сөйтіп, мамырда саудаға шығады. Шындап келгенде, бұл картопты Павлодарда ғана емес, жалпы республика көлемінде сатылып жатыр. Тіпті, көршілес мемлекеттерде де бар.

Бір қызығы атыраулық шенділер апта сайынғы мониторинг қорытындысы бойынша, картоптың орташа бағасы 94 теңге деп есеп беріп отыр. Көтерме сауданың өзі 200 теңгеге шарықтаған шақта жергілікті шенділердің бұл бағаны қайдан алғаны белгісіз.

Абат Тасымов, «Атырау» ӘКК ҰК АҚ басқарма төрағасы:

Картоптың бөлшек саудадағы бағасы қазіргі таңда 94 теңге деп беріп отыр. Қалалық әкімдіктің мәліметі бойынша. Қазан айынан бастап сәуір айының аяғына дейін баға тұрақты болды. Мамыр айынан бастап тұрақтандыру қорындағы өнімдер біте бастаған кезде баға шарықтап кетті. Себебі отандық өнімдер таусылды.

"Дегенмен бұл уақытша құбылыс", - дейді кәсіпкерлік корпорациясындағылар. Жергілікті кәсіпкерлерден фьючерлік әдіс арқылы сатып алынған 500 тонна ерте сұрыпты картопты алдағы бір аптаға саудаға түсіреміз деп уәде беріп отыр.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ