$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Алматыда мемлекеттік қуыршақ театрының қызметкерлері бас көтерді

AstanaTV
10.06.2014ж. 20:00
2095
Алматыда мемлекеттік қуыршақ театрының қызметкерлері бас көтерді

Алматыда мемлекеттік қуыршақ театрының қызметкерлері бас көтерді. Олар жаңадан тағайындалған басшылықтың қызметтен кетуін талап етті. Мәдениет ошағында орын алған мәдениетсіздіктің мән-жайын алматылық әріптесім Маржан Серікқызы анықтап қайтты. 

Әртістер басшылыққа деген базынасын осылай білдірді. Театр ұжымы мұндай әрекетке қарнының ашқанынан емес, қадірінің қашқанынан барып отырған сыңайлы. Айтуларынша, өнер ордасының басшысы мен труппа жетекшісі ар-намыстарын бірнеше рет аяқ асты еткен.

Ұлболсын Момынжанова, актриса:

Басшымыз ауысқалы 1,5 жыл уақыт болды. Осы уақыттың ішінде мына әртістердің ар намысының бәрі жерге тапталып, барлықтарымызды жерден алып, жерге салады. Өзінің командасын жинап, әртістерге ойына келгенін істеп отыр.

Наразы топтың айтуынша, дөрекі басшылықтың басынуы бұл ғана емес. Жаңа басшы келгелі қойылымға тек таңдаулы әртістер ғана қатысатын болды дейді жиналғандар. Сондай-ақ ашынған әртістер былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен өнер ордасының аянышты халін алға тартады.

Гүлжәмилә Ілиясова, актриса:

Театр салып бердік дейді. Міне құлайын деп тұрған театр. Міне бәрі шашылып жатыр. Отыратын орындық жоқ. Бір мебель жоқ. Бұл театрға өкіметтің берген ақшасы қайда кеткен сонда?

Ал театр басшылығы мұның бәрі жалаң сөз, негізсіз жала дейді. Айтуынша, қызметкерлердің бұл әрекеті бәзбіреулердің атына кір келтіру мақсатында жасап отырған қитұрқы әрекетінің көрінісі.

Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, мемлекеттік қуыршақ театрының директоры:

Осы уақытқа шейін маған бірде-бір арыз шағым жазылған жоқ. Болмаса алдыма келіп жағдайды айтып, мен планерка өткізем апта сайын, сол кезде маған кіріп ешкім айтқан жоқ мұндайды. Мен кіріп барғанда, бәрі қол соғады, шапалақ ұрады.

Аталған жайттарды баяндап, өнер ұжымы қалалық мәдениет басқармасына шағым түсірген. Дегенмен ондағылардан да қайыр болмапты. Басқарма қызметкерлері 6 адамнан тұратын комиссия құрып, кеше театрда жиналыс өткізіп қайтқан.

Маркен Ахметов, Алматы қалалық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары:

Біз аталмыш айыптауларға қатысты ешқандай дәлелдер көрмедік. Себебі кімнің не айтқанын дәлелдеу үшін аудио бейне таспаға түскен жазба қажет. Ал олардың қолында нақты айғақтары жоқ. Театрдың қаржылық мәселелеріне қатысты қазір біз зерттеу жұмыстарын бастадық, оның нәтижесін алдағы 10-14 күннің ішінде жариялайтын боламыз.

Ұжымдық шағымды дәлелсіз деп тапқан мәдениет басқармасы орын алған даудың түйінін труппа жазғы демалысқа кеткенше шешіп береміз деп уәде етті. Дегенмен, басшылықты орнынан тайдырмай тынбаймыз деп құлшынып отырған театр ұжымы мәселеміз шешілмесе, әділдік сұрап прокуратураға шағымданамыз деп отыр.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ