Шілде айында велоспорттан әйгілі "Тур де Франс" марафоны
басталады. Қазіргі уақытта әлемнің үздік командалары аталған жарысқа дайындық
жүргізіп жатыр. 21 кезеңге созылатын көпкүндік алдында командалар Францияға
жиналып, "Дофине Либере" жарысында бақ сынайды. Спорт тақырыбы Самат
Қанағатовтың топтамасында.
"Жыл сайын өтетін "Дофине Либере" жарысы-"Тур де
Франс" марафоны алдындағы соңғы сынақ. Дәл осы кезеңде командалар
дайындықтарын тексеруге мүмкіндік алады. Биылғы көпкүндікке мықты спортшылар
жиналды. Олардың арасында "Тур де Франс" жарысынң өткен жылғы
жеңімпазы ұлыбританиялық Кристофер Фрум, "Тинькофф Саксо" клубының үздігі
Альберто Контадор және қазақстандық "Астана" командасының капитаны
Винченцо Нибали бар. Велоспорт мамандарының пайымдауынша, дәл осы спортшылар өзара бәсекеге түседі.
Бұған дейін өткен екі кезең қортындысы бойынша Ұлыбритания
спортшысы Крис Фрум алдына жан салар емес. Алдымен, 10 шақырымнан тұратын қысқа
қашықтықты топ жарған "Скай" капитаны артынан таулы аймақта өткен
кезеңде топ жарды. Межелі жерге 5 шақырым қалғанда Фрум жылдамдығын үдетті. Бұл
шабуылға тек жылдам қимылдаған Альберто Контадор дайын болып шықты. Винченцо
Нибали бастапқыда біраз секунд жоғалтқанына қарамастан ара қашықтықты тез
қысқарта алды. Дегенмен, мәре сызығына санаулы метрлер қалғанда Фрумның кезекті
шабуылы сәтті болып, нәтижесінде ол жеңіске жетті.
Жеңімпазбен бір уақыт көрсеткен
Альберто Контадор екінші орынды иеленсе, үшінші сатыны голландиялық Вилко
Кельдерман еншіледі. Кристофер Фрумға 27 секунд ұтылып қалған Нибалия мәре
сызығын 6-шы болып кесті. Жалпы есепте "Скай" клубының капитаны жарыс
лидерінің сары жейдесін сақтап қалды. Одан 12 секундқа қалып келе жатқан
Альберто Контадор екінші орында болса, үшінші сатыға Вилко Кельдерман
көтерілді.
"Астана" командасының капитаны Винченцо Нибали 6-орынға
көтеріліп, енді Фрумнан 50 секундқа қалып келеді. Алғашқы он мықытының қатарында
қазақстандық ұжымның тағы екі спортшысы бар Олар Якуб Фульсанг пен Танел
Кангерт. Бүгін командалар 197 шақырымнан тұратын үшінші кезеңде мықтыны
анықтайды.
Самат ҚАНАҒАТОВ