Алматы облысында апатқа ұшыраған
«Мерседес Спринтер» көлігінде тегіс бірдей тараздық спортшылар болған. Жол көлік оқиғасы Алматы-Өскемен тас жолының 37-ші
шақырымында болған еді. Алматыдан Талдықорған қаласына бағыт алған «Мерседес Спринтерге» қарсы бағыттағы микроавтобус келіп, бетпе-бет соқтығысқан.
Салдарынан, қос көліктен 3 адам қаза
тапса, бір адам аурухана төсегінде көз жұмды. Қазір
зардап шеккен 18 адамның 12-сі Іле аудандық ауруханасында жатыр. Жан түршігерлік
жол апатын мына кадрлар айғақтайды.
Соқтығыстың салдарынан, көліктердің
сау жері қалмаған. Тіпті, мамандар адам
денелерін шығарып алу үшін арнайы темір кескіш құралдарды пайдаланған. Ал,
апатқа ұшыраған «Мерседес» көлігінде мүгедек жандар арасында жеңіл
атлетикадан болатын жарысқа бара жатқан тараздық 11 спортшы 2
жаттықтырушысымен болған. Солардың бірі 19 жасар тараздық
Нұрсұлу Сейділдаева Алматы ауруханаларының бірінде қаза болды. Тараздық
спортшылардың ата-аналары жол апаты жайында ешкім ескертіп, бір хабарын бермеді, деп абыржулы. Олар спорт басқармасының басшыларын кінәлайды.
Наталия Ким, ата-ана:
Спорт комитетіндегілер жауапты адамдар бұл қайғылы оқиға жайында білді. Бірақ, бізге ескертпеді. Керекті шараларын қолданбады. Біз
болсақ, балаларымыздың жағдайынан бейхабармыз. Өзіміз жүгіріп, сұрау салдық.
Бәрібір жауап берген бір адам болмады.
Дене мүмкіндігі шектеулі спортшыларға
арналған спорт клубын Жамбыл облыстық спорт басқармасы іссапарға жіберген. Аталмыш мекемедегілер жарысқа жөнелген жеңіл атлеттердің
жағдайынан хабардармыз, көмек көрсетіп жатырмыз дегенді айтады. Алайда,
Алматыдан шыққан спортшылар көлігін полиция жасағы алып-жүрмеген. Ата-аналардың
ашынатыны да осы.
Нұржан Жолдасбеков, Жамбыл облыстық спорт басқармасы
бастығының орынбасары:
Қарастырылмайды.
Міндетті түрде спортшыларды МАИ қызметкерлері ертіп алып жүру деген ереже еш
жерде көрсетілмеген. Алып келу шаралары ұйымдастырылды. Қаржылай көмек
көрсетіледі. Енді нақты осынша сома болады деп айта алмаймын. Көмек көрсетем деушілер көбейіп жатыр.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ