$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ертең Бурабайда Мемлекет басшысының жетекшілігімен шет елдік инвесторлар кеңесінің жиыны өтеді

AstanaTV
11.06.2014ж. 20:00
1157
Ертең Бурабайда Мемлекет басшысының жетекшілігімен шет елдік инвесторлар кеңесінің жиыны өтеді

Президент инвестициялық ахуалды оңалтуға арналған заң жобасына қол қойды. Онда алдағы уақытта ел аумағында жұмыс істеуге ниетті шет елдік компанияларға көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Ал ертең Бурабайда Мемлекет басшысының жетекшілігімен шет елдік инвесторлар кеңесінің жиыны өтеді. Онда жылдар бойы Қазақстан экономикасына қаржы құйып келген алпауыт компания жетекшілері бас қоспақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Да, мы кое-что сделали в первую пятилетку, в основном, развили малый и средний бизнес. По-настоящему к индустриализации мы еще не подходили. Индустриализация может быть тогда, когда придут транснациональные компании и вместе с ними будем открывать крупные производства. Людей, способных решать эти вопросы, нет. Разговаривать с иностранцами на их языке и привлекать - тоже нет. Вот в чем беда.

Заңдағы өзгерістер алдағы бес жылдықта бұл олқылықтарды жоюға сеп болары сөзсіз. Өйткені бірсыпыра жеңілдіктер қаралған. Атап айтсақ, бұдан былай инвестор корпоративті табыс салығынан 10, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Өндіріс нысанын іске қосқан соң, мемлекет тарапынан 30% субсидия бөлу көзделеді. Ал салынатын салық мөлшері, экологиялық міндеттемелер алдын ала өзгеріссіз он жылға бекітіледі. Инвестициялық жоба құрылысы кезінде шет елдік жұмысшыларды квотасыз тарту және өндіріс іске қосылған күнде бір жылға дейін еңбек етуге рұқсат берілмек.

Сондай-ақ, инвесторлардың құқын қорғау үшін омбудсмен институты құрылады. Мәселен, күні кеше Астанада Оңтүстік Кореямен визасыз режим орнату жайы шешілді. Ол бойынша қос ел азаматтары визасыз бір айға дейін жүруге мүмкіндік алды. Өйткені корейлер жуық арада Балқашта ЖЭС, Атырауда газ-химиялық кешен және "Жамбыл" кен орынын игеруге кіріседі. Ernst & Young аудиторлық компаниясының мәліметіне сай, бұрынғыша мұнай-газ саласына қызығушылық басым. Былтыр тартылған қаржының 84% Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстанға келген.

Шет елдіктер алдағы уақытта іскерлік қызмет көрсету, медицина мен биология, жылжымайтын мүлік пен агробизнес және телекоммуникация нарығына енуге қызығушылық танытып отыр.

Бүгінге дейін негізгі инвесторлар АҚШ, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция болған. "Форбсқа" берген сұхбатында тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев соңғы кезде олардың құрамы өзгергенін, Қытайдың басымдыққа ие болғанын атап өтеді. Қытай 63 миллиард доллар қаржы құйса, салыстыру үшін соңғы 8 жылда Жапония 4,2 миллиард, Оңтүстік Корея 3 млрд, Ресей 5 миллиардқа келісім жасасқан. Ертең Бурабайда жылдағы дәстүрге сай инвесторлармен Президенттің өзі кездеседі. Заңдағы өзгерістердің "ескі" инвесторларға да әсері болады ма?

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ