Түркия
билігі ел ішіндегі терроризммен күресті күшейтті. Арнайы операция кезінде
жүздеген ДАИШ жақтастары ұсталды. Көбі
қырғыз, өзбек, тәжік азаматтары болып шықты. Олар исламды жамылып, Сирия мен
Ирактағы террорлық ұйым қатарына өтпек болған. Алайда сапаршылар құзырлы
органдар күресі әлсіз деп отыр. Самат Сүлей тарқатады.
Терроризмге
қарсы күрес басқармасының мамандары Ыстамбұл қаласының бірнеше ауданында арнайы рейд ұйымдастырған болатын.
Мәселен, «Пендик» деп аталатын бөлігінде 53 күдіктіні пәтерлеріне барып қолға
түсірді. 53-тің 24-і кәмелет жасқа толмағандар. Барлығы Өзбекстан мен
Тәжікстаннан келгені анықталды.
Араларында
әйелдер мен мектеп жасындағы балалар да бар. Кәмелет жасқа жетпегендерді ғимарат
ішінде бірнеше ай бойы соғысқа дайындап, оларға Сириядағы террорлық ұйым
жайында дәріс оқыған. Бұл Ыстамбұлдың бір бұрышындағы оқиға. Бұдан бөлек,
Диярбақыр, Измир, Кония, Адана, Анталия қалаларында жүздеген күдікті қамауға
алынды.
Нуман
Куртулмуш, Түркия премьер-министрінің орынбасары:
20
шілдеден бастап террорлық ұйымдар еліміздің көптеген қалаларында терактілер
ұйымдастырды. Арнайы операциялар ұйымдастырылғанымен көздерін жою мүмкін болмай
отыр. Себебі шекарамыздың қашықтығы 1200 шақырымды құрайтын Сирия мен Ирактан
келіп жатыр.
Операция
барысында қамауға алынғандардың үйінен қару-жарақ және түрлі жарылғыш заттар
тәркіленген. Ал, полицейлерге берілгісі келмегендер алты сағат бойы атысып,
ақыры өз өздерін жарып жіберген.
Әлихан
Хасаноғлу, Таяу Шығыс елдері бойынша саяси сарапшы:
Құзырлы
органдардың еліміздегі террорлық ұйымға күресі өте әлсіз. Себебі Газиантеп
провинциясы мен Анкара қаласындағы жарылыс осының нақ дәлелі. Террорлар
жарылыстан 10 күндей бұрын бәрін жоспарлап, ел ішінде телефонмен өзара
байланысып отырған. Сонда барлау қызметі қайда қарап отырды деген сұрақ
туындайды.
Миллиет
газетінің мәліметінше, соңғы күндері қамауға алынған күдіктілер арасында Ауғанстан,
Қырғызстан, Франция, Италия және Германиядан келгендер бар. Барлығы Сирия мен
Ирактағы террорлық ұйымның қолдаушылары екені анықталды.
Әлихан
Хасаноғлу, Таяу Шығыс елдері бойынша саяси сарапшы:
Менің
ойымша,Ислам атын жамылған террорлық ұйымның Түркиядағы жақтастары тым-тырыс
қалуына қарағанда, жасырынып жатыр. Ішкі істер министрлігі бірнеше қалада
оларға қарсы кішігірім операция ұйымдастырады. Алайда, бұл жеткілікті емес.
Себебі Түркия терроршылардың Сирия мен Иракка қарай өтетін дәлізіне айналды.
Түркия
үкіметі соңғы айлардағы операция кезінде қолға түскен терроршылардың санын әзірге
ашып айтпай отыр. Дегенмен, жергілікті ақпарат құралдарының мәліметіне сенсек,
қамауға алынғандар 200-ден асады. Олардың басым бөлігі Орта Азиядан келгендер.
Самат СҮЛЕЙ