Күрд әскерилері Ирактың солтүстігіндегі Киркук қаласын басып алып, өз
тәртібін орнатты. "Ирак әскерінің сарбаздары қаланы тастап шығуға мәжбүр болды", - деп хабарлады Рейтер агенттігіне күрдтердің өкілі Джаббар Явар. Экстремистік
топ алдымен Мосул қаласына басқыншылық жасап, кейін Тикрит шаһарын алады. Ресми билік қарулы топтар Тикриттің бірнеше ауданын бақылауға алды деп
хабарлайды.
Сонымен қатар ел астанасы Бағдаттан 125 шақырымда орналасқан
Самарра қаласында да қақтығыстар орын алды деген ақпарат бар. АҚШ билігі «Ирак
және Левант ислам мемлекеті» аталатын қарулы басқыншылармен күресте Иракқа қол
ұшын беруге әзір екендерін мәлімдеді.
Ал Ұлыбритания сыртқы істер министрі
Уильям Хейг «Би-би-си» арнасындағы сұхбатында Сириядағы қақтығыстар көрші
елдердегі тұрақтылыққа қауіп төндіріп отыр деген пікірін білдірді. Оның
айтуынша, Исламдық қарулы жасақтардың Иракқа шабуылы соның бірден бір айғағы.
Халықаралық агенттіктер болса, басқыншылар Бағдатқа бақылау орнату
жоспарларын жасырмайды деп жарыса жазады.
Айгүл ӘДЕПБАЙ