Шымкенттіктерге ерекше такси
қызмет көрсетуді бастады. Артықшылығы сол, такси паркінің жүргізушілері -
нәзік жандар. Бұған дейін негізінен ерлердің ісі саналған мамандықты ұршықша
үйірген әйел азаматшалар жолаушылардың сұранысына көп ие болып жатыр екен.
Елден ерекше кәсіпті таңдағандардың бірімен тілшіміз Айзада Төребекқызы
тілдесті.
-Пятый! Центральный
парк. Алена.Главный вход. -Рая, пять минут, буду.
Елена Леовенко - тәжірибелі
жүргізуші. Темір тұлпарды жеті жылдан бері тізгіндеп жүрген жанның жолаушы
тасымалдау қызметіне кіріскеніне екі айға жуықтапты. Елена үшін жолаушыны
айтқан жеріне жеткізу - жан бағатын кәсіп қана емес. Кез-келген шаруаны
ерлерден кем басқармайтынын дәлелдеуге бір мүмкіндік екенін жасырмайды.
Елена Леовенко, таксист
жүргізуші:
Көлікті ерлер де әйелдер де
жүргізе біледі. Бірақ нәзік жандар қателік жібермеуге тырысамыз. Жол қателікті
кешірмейді, білесіздер. Әйел адамдар мінгенде бірден қуанып, өз пікірін
білдіріп жатады. Қауіпсіздік үшін де жақсы деп айтатындары бар. Ал ерлер жағы
мінгенде, қорқақтап қалғаны бірден байқалады. Тиісті мекен-жайын кейінірек
айтады көбі.
Бұл такси паркінің жүргізушілері
кілең қыз-келіншектер. Сүйріктей сұлу он бір сәйгүлікті тақымдаған. Сонысымен
де тұрғындардың жоғары сұранысына ие болып жатырмыз дейді серіктестік басшылары.
Дмитрий Шульженко, такси паркінің
директоры:
Ең бастысы біз қыз-келіншектердің
көлік жүргізу тәжірибесіне мән береміз. Кемі 4-5 жыл еңбек өтілі болуы керек.
Әрине, әйелдің түр-келбетіне де назар аударамыз. Бәрінен бұрын олар
жолаушысымен емен-жарқын әңгімелесе алады. Ер азаматтар да сөйлеседі ғой. Бірақ
әйелдер мәдениеттірек дер едім. Оның үстіне олардың әйелдік артықшылық
қасиеттері сол, жолаушыны тыңдай біледі.
Такси паркі тәулігіне 70-80,
тіпті 100 тапсырысқа дейін қабылдайды. Негізінен әйел адамдар мен қарт
кісілерден көбірек түседі. Бастапқыда көлікті тоқтатуын тоқтатып алып, отыруға
жүрексініп жататын ер азаматтар жағы да соңғы кезде қызығушылық танытып жатыр
екен.
Азат Ирани, жолаушы:
Қыздар жүргізетін көлікке мінген
ұнап жүр маған. Өйткені ер азаматтар рөлде келе жатып темекі шегеді, жағымсыз
әңгімелерді айтып, кейде жақпай қалып жатады. Ал қыздардың жөні бөлек. Оның
үстіне олар баппен айдайды таксиді.
Әйел адам жүргізген көлікте
жолаушылар өздерін қауіпсіз сезінеді. Мұнысын жолаушылар жасырмайды. Осыны
ескерген такси паркінің қожайындары алдағы уақытта көлік санын арттыруды
жоспарлап отыр.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ