$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Бразилияда футболдан әлем чемпионаты басталады

AstanaTV
12.06.2014ж. 20:00
1824
Бразилияда футболдан әлем чемпионаты басталады

Бүгін Бразилияда футболдан әлем чемпионаты басталады. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға 32 команда қатысып, өзара мықтыны анықтайды. Доп додасының шымылдығын «Коринтианс» стадионында Бразилия және Хорватия командалары ашады. Тақырыпты Самат Қанағатов тарқатады.

Бразилия әлем чемпионатын осымен екінші мәрте қабылдап жатыр. Алғаш рет доп додасы 1950 жылы өтіп, сол турнирде Уругвай командасы чемпион атанды. Дегенмен, әлемнің 5 дүркін жеңімпаздары өз елінде өтіп отырған жарыста аянып қалмайтыны анық. Луис Филипе Сколаридің шәкірттері «А» тобындағы топтық кезеңде Хорватия, Мексика және Камерун құрамаларымен сынға түседі. Футбол мамандарының пайымдауынша, бұл топтың фавориті - Бразилия командасы. Оның үстіне жанкүйерлер тарапынан қысым басым.

Әлем чемпионатының өтуіне қарсы наразылық акциялары да толастар емес. Осы жәйтті ескере отырып, футбол фанаттары құрама ойыншыларынан тек жеңіс күтетіні айқын. Оның үстіне әлем чемпионатына көпшілікке танымал шабуылшылар Роналдиньо мен Кака қатыспайды. Бас бапкер Сколари бұл футболшыларға құрама сапынан орын табылмағанын айтқан. Бұл жағдай футболшыларға, біріншіден, психологиялық тұрғыда ауыр тиетіні белгілі. Топтық кезеңнен сүрінбей өткеннің өзінде жарыс иелеріне оңай болмайды. Дүбірлі жарысқа бетке ұстар аяқ доп шеберлерін алып келген Аргентина, Германия, Португалия, Испания, Италия командалары чемпиондық атақтан дәмелі. Дегенмен, доп домалақ. Қатарынан 20-мәрте өтіп отырған әлем біріншілігінің жеңімпазы 13 шілде күні әйгілі «Маракана» стадионында белгілі болады.



Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында теннистен халықаралық турнир жалғасуда. Дәрежелі жарыстың бас жүлдесінен дәмелі Энди Маррей үшінші кезеңге жолдама алды. Екінші айналымда Ұлыбритания спортшысы Франция теннисшісі Пол Анри Матьемен кортқа шықты. Кездесу басынан қателікке бой алдырмай, шабуылда тура соққылармен ерекшеленген Маррей бірінші сетте 6-4 есебімен басым түсті. Үзілістен кейінде алған бетінен қайтпаған алаң иесі ұпай санын түгендеді. Өз кезегінде жиі қателескен Пол Анри Матье аяғы жеңілісін мойындады.

Самат ҚАНАҒАТОВ