Қарағандыда
қыздарды шетелге жыныстық құлдыққа жіберген 21 жастағы «жеңгетай» ұсталды. Әлі
ашылып үлгермеген сән агенттігінің директоры өрімдей 17 жас қызды аз уақыт
ішінде Біріккен Араб Әмірлігіне асырып үлгеріпті. Бұл туралы облыстық ішкі
істер департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы хабарлады.
Алаяқ
16 мен 22 жас аралығындағы қыздарды ғаламтор арқылы шетелде фотосессия жасауға
шақырып, қысқа мерзім ішінде қомақты сома төлеймін деп алдаған. Қазақстаннан
шетелге шығу құжаттары мен жол жүру билеттерін жалған сән агенттігінің
директоры дайындапты. Біріккен Араб Әмірлігі мен Бахрейн қаласына асырып
жіберіп, кейін мойындарына жалған қарыздар іліп, оны төлеу үшін жыныстық қызмет
көрсету міндеттеген. Жәбірленушілердің көбісі ауқатты отбасынан шыққан,
араларында 15 жасар жасөспірім де бар екен. Қыңқу сөзден қорыққан қыздар
ата-аналарына хабарлауға да батпаған. Алайда, олардың жартысы әлі де шетелде
қалып отыр. Полицияның хабарлауынша, жалған сән агенттігінің құрбандары бұдан
да көп деген ақпарат бар. Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 128 бабы 3 тармағы « адам саудасы» бабы
бойынша сотқа дейінгі тергеп -тексеру амалдары жүргізілуде.
Күдікті:
Мен ешкімді мәжбүрлеген жоқпын.
Ешкімге моральдық, психологиялық қысым көрсеткен жоқпын. Бар айтарым осы.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды
облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:
Ол азаматша Қарағанды
қаласындағы 16-17 жастағы қыз балаларды алдап, қорқыту, сондай-ақ фотосессия
жүргізу арқылы Біріккен Араб Әмірлігінде жыныстық қатынасқа итермелеген.
Қазіргі таңда ол азаматша ұсталып, үйін тінту барысында айғақ заттар және
қомақты қаржы табылды.
Құзырлы орган мамандары мұндай
жағдайға кездейсоқ тап болған азаматтарға, 116-16 жедел байланыс телефонына
хабарлауға кеңес береді. Сондай-ақ, шетел асқан әрбір азамат күдікті жайттарға
тап болса, дереу әуежай, не полиция қызметкерлерінен, сол мемлекеттегі
Қазақстан елшілігінен шұғыл көмек сұрауына болады.
Айжан ҚУАШ