Ал Батыс Қазақстан облысында мұнай
ұрлығы мен бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз саудасы белең алып барады.
Өйткені, Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетін өңірге шетелдің қылмыс
әлемінің ықпалы елеулі.
Мысалы, Оралдағы РУ-170/2 тәртіптік
мекемесіндегі жазасын өтеп жатқан 19 азамат қамауда отырса да, қылмыс әлемі
серкелерінің «ортақ қазанына» ақша жинап келген. Колонияда бұдан өзге де
қылмыстарға түрткі болған олардың ісі қайта қаралып, 9-16 жыл көлемінде тағы
қосымша мерзім жамап алды. Осындай қауіпті құбылыстың алдын алмақ болған батыс
өңірдегі облыстардың құзырлы органдары бірлесе жұмыс жүргізу жайын талқылады.
АҚШ-тан арнайы алдырылған сарапшы
Альфред Пэристің сөзінше, бұл - қазақстандық құқық қорғаушылар мен АҚШ
елшілігінің есірткі бизнесіне қарсы күш біріктіруі. Шетелдік сарапшының пікірінше, ауған елінен Қазақстан және
Орталық Азия арқылы Ресей, одан әрі Еуропаға асатын героин саудасы күрделі
мәселеге айналып отыр. Бірақ, жиынның құпиялылығын алға тосқан құзырлы орган
өкілдері өзге деректерді жайып салуды жөн көрмеді.
Тимур Ташимбаев, ҚР Бас прокуратурасының департамент басшысы:
2012-жылдан бері Бас прокуратура қылмыстық қудалауды бағалау талаптарын
өзгертті. Мысалы, осыған дейін қылмыс әлемінің
серкесі есірткі саудасымен айналысқаны үшін ұсталса, енді тергеу жұмыстары
жан-жақты жүргізіліп, күдіктінің ұйымдасқан қылмыстық топты құруға қатысы бары, әлде оның мүшесі екендігі дәлелденуі керек. Бұл өзгеріс тиімділігін көрсетіп,
2012-жылы 78 қылмыстық іс қозғалса, былтыр оның саны екі еседей артты. Ал
биылдың өзінде қылмыстық топты құрып, қаржыландыруға қатысы бар делінген
сезікпен 65 қылмыстық іс қозғалды.
Еркін ҚАРИН