$510.58 €571.8 ₽6.34
×

Кәсіпкерлер бәсекелестікті қорғау туралы заңнан мемлекеттік реестр тәртібін алып тастауды ұсынды

AstanaTV
13.06.2014ж. 20:00
1907
Кәсіпкерлер бәсекелестікті қорғау туралы заңнан мемлекеттік реестр тәртібін алып тастауды ұсынды

Отандық ірі кәсіпорындарға талап тың қатаң, ал жаңа мүмкіндіктерді Ресей және Беларусь бизнесмендері тиімді пайдаланып жатыр. Тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Родостовец осылай дейді.

Бұл ойын ол Қазақстан мен бірыңғай экономикалық кеңістіктің монополияға қарсы заңнамасы қаралған форумда жеткізді. Родостовецтің пікірінше, Ресей шекарасынан елімізге тауар тиеген қанша жүк көлігі өтетінін есептеп жатқан ешкім жоқ. Ондай статистика жүргізілмейді. "Ортақ нарықта тау-кен металлургия, мұнай-химия сынды күретамыр салалар төтеп берсе де, жеңіл өнеркәсіп, әсіресе тамақ өнідірісі бәсекеге бара алмайды", - дейді. 

Николай Родостовец, тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры:

Біз өзіміздің алпауыт кәсіпорындарына қысым көрсетіп жатырмыз. Қатаң экономикалық санкциялар мен жауапкершілік бар. Әлеуметтік тауарлар бағасын реттеп отырған механизм бар. Алайда Ресей бізге дәл сондай әлеуметтік тауарларымен кіріп отыр және нарықта емін-еркін жүр. Біз отандық бизнестің бағасын шектейміз, ал көршілер пайда тауып жатыр. Өз өндірісіміздің шығыны көп. Бәсекеге төтеп бере алмай, ақыр аяғында шаруасын тоқтатып жатқандар бар.

Форумға жиналғандар бәсекелістікті қорғау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. "Аталмыш заңнан үстеме және монополиялық орын алған субьектілердің мемлекеттік реестрін алып тастау керек", - дейді кәсіпкерлер. Нарықта алпауыт деп танылған кәсіпорындарды кезінде ортақ реестрға алып, олардың баға саясатын ұстау керек болды. "Ал қазір ол реестр отандық бизнес өкілдеріне бәсекелесуге мүмкіндік бермей, кедергі келтіріп отыр", - дейді сарапшылар. 

Алдаш Айтжанов, «Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» АҚ президенті:

Реестр дегенді алып тастау керек. Қазақстан, Ресей компаниялары болсын, өзі баға қойып, қосса, агенттік келіп тікелей кінәсін дәлелдеп, бағасын түсіріп, штраф салып кету керек. Реестрсыз-ақ. Реестрды заңнан алып тастамай, ол болмайды. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ