$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Өрт сөндіру қызметі Алматыдағы солтүстік айналма жолдың бойындағы базарлар кешеніне биыл тексеріс жүргізбеген

AstanaTV
13.06.2014ж. 20:00
1178
Өрт сөндіру қызметі Алматыдағы солтүстік айналма жолдың бойындағы базарлар кешеніне биыл тексеріс жүргізбеген

Өрт сөндіру қызметі Алматыдағы солтүстік айналма жолдың бойында орналасқан базарлар кешеніне биыл тексеріс жүргізбеген. Оған Елбасының шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексермеу туралы тапсырмасы негіз болған.

Осыған орай қалалық төтенше жағдайлар департаменті аты шулы базардағы өрт қауіпсіздігінің сақталуына қатысты мәліметтерден бейхабар. Ал былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 26 сауда орнының заң бұзушылық фактілері қалалық экономикалық сотқа жолданған. Қара базарда «отпен ойнаған» саудагерлерден қала қазынасына 1 млн 300 мың теңге көлемінде айыппұл өндіріліпті. 

Айдос Нүсіпбаев, Алматы қалалық ТЖД мемлекеттік өрт сөндіруді бақылау бөлімінің бастығы:

Өздеріңіз білесіздер, қазір елімізде кіші және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеруге уақытша мораторий жарияланған. Бұл базарлар да осы категорияға жатады. Сондықтан біз 2015 жылға дейін ол сауда орындарын жөнсіз тексеруге құқымыз жоқ.

Айта кетейік, өткен аптада осы Алматының барахолкасындағы дауға қатысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәлімдеме жасаған болатын. Республикадағы ірі және орта бизнес құрылымдарының басын біріктіретін ұйым базарларды қиратуды тоқтату керек деген мәселе көтерді. Себебі бұл мекемеге соңғы уақыттары сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлерден түсетін шағымдар тым көбейіп кеткен. Аталған кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы Тимур Құлыбаев базарларды бұзуға уақытша мораторий жариялау керек деген ұсыныс айтты. 


Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ