Каспийдегі ахуал әзірге тұрақты. Теңіздің Атырау облысы Пешной кенті тұсындағы су деңгейі
қауіпті дейтіндей мөлшерге жетпеді. Мұнда 120 см-лік су деңгей қауіпті деп
саналады, дейді құтқарушылар. 15-маусымда су деңгейі 111 сантиметрден аспады.
Әйтсе де, қауіп толық сейілді деуге негіз жоқ. Болжам бойынша бүгін түскі сағат
үш шамасында теңіз суы 127 сантиметрге көтеріледі деген болжам бар.
Айта кетейік, төтенше жағдайлар
қызметінің мамандары Гидрометеоорталығының ескертуінен соң, қауіпті деген 6
аймақты бақылауға алып, тәулік бойы кезекшілік орнатты. Елді мекендерде 22 мыңдай халық тұрады. Бірнеше шаруашылық
пен 500-дей мұнай ұңғымасын су шаю қаупі төнген. Оның алдын алу үшін дамбалар
нығайтылуда.
Каспийдің Исатай ауданы аумағы мен
Пешной кентіндегі 4 шақырымға жуық, қала маңындағы 300 метрдей жағалауы
бекітілді. Тұрғындарға ескерту жасалып,
оқшаулау орны белгіленді. Жедел шараға 4 мыңға жуық адам мен 500-дей техника
жұмылдырылған. Төтенше жағдай мамандары, дәл қазір су деңгейі 106 см шамасында
тұр дейді.
Марат Құрманов, Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Болжам 15-16
маусымға берілді. 15-і күні күндізгі сағат үште су деңгейі көтерілді. Су
деңгейі 128 см дейін көтеріледі деп күтілген еді. Алайда қауіпті деңгейге
жеткен жоқ, 111 см-ге көтерілді. Енді 16 маусым, бүгінге тағы сағат 15:00-де
127 см дейін көтеріледі деп болжанып отыр. Ал нақты қанша болады, қазір бақылап
отырмыз. Мамандар қауіпті аймақты бақылауда, шекара қызметімен де байланыс бар.
Ең қауіпті аймақ қазір Пешной кенті.
Базаргүл ІЗІМОВА