$510.58 €571.8 ₽6.34
×

"Нұр Отан" арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігі мен жұмысын жақсарту жолдарын қарастырды

AstanaTV
17.06.2014ж. 10:00
1692
"Нұр Отан" арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігі мен жұмысын жақсарту жолдарын қарастырды

Арнайы экономикалық аймақтар тиімсіз. Оларға құйылған қаржы ысырап болуда, ал шеттен мардымды инвестиция тартылып жатқан жоқ. Сондықтан, ол аймақтарды қаржыландыруды доғару керек. "Нұр Отан" партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес мүшелері осылай деді. Олар арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігі мен жұмысын жақсарту жолдарын қараған болатын.

Бүгінде елімізде 10 арнайы экономикалық аймақ бар. Алтауының инфрақұрылымы жасақталған, 4 аймақты қалыптастыру жоспары бар. Мұндай аймақтарға қаржылық және салықтық жеңілдіктер берілген. Алайда олар тағы жеңілдік сұрайды. Олардың негізгі мақсаты - инвестиция тарту еді. Бірақ бұл бағыт та ақсап жатыр.

Жексенбай Дүйсебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:


Берілген жеңілдік тағы жеңілдік деп отыр ғой. Осы экономикалық аймаққа 300 млрд теңге бөлінді бюджеттен. Ал инвестиция 203 млрд теңге ғана. Сонда осыдан кейін қандай, не керек енді осыдан кейін. Инвесторлар құлшынып келмейді. Өйткені, оған бір себеп, заң жобасына жыл сайын өзгеруіне байланысты дейді.

Арнайы экономикалық аймақтарды көтеруге қазынадан 75,5 млрд теңге бөлінген. 2016 жылға дейін инфрақұрылымды дамытуға тағы 300 млрд теңге қаралды. Депутаттар оларға лек-легімен қаржы аударуды доғару керек деген ұсыныс тастады. Ал мәжіліс төрағасының орынбасары, арнайы экономикалық аймақтарға төлемдерден жеңілдік бола тұра, Астанадағы тұрғын үй шаршы метрінің төмендемейтініне наразылық білдірді.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:


Бұл мәселеге назар аудару керек. Сыртынан жылтырап әдемі болып тұрған үйлердің ішіне кірсең, тұруға мүмкін емес екенін көресің. Ал оларды "бизнес-класс" деп сатады. Негізінде, "эконом-класс" болып шығады. Өзіндік құны шаршы метріне 800 доллар болып, нарыққа 2 мың, кейде тіпті 5 мыңмен шығады. Сіздер құрылыстан пайда жоқ дейсіздер.

Толғанай Ботақанова, ҚР Қаржы министрлігі, Салық комитеті төрағасының орынбасары:

Құрылыс компанияларына деген жеңілдіктер, арнайы экономикалық аймақта болсын, басқа салада болсын, Астанадағы бағаға әсер ете алмайды. Өйткені, мұнда сұраныс өте жоғары. Аталмыш мәселе үкіметте бірнеше мәрте талқыланды да.

Айгүл ӘДЕПБАЙ