Украина Ресей газынан біржолата ажыратылды. Еуроодақ, Украина, Ресей болып 9 рет келіссөз үстеліне отырған үштік ақыры мәмілеге
келмеді. Ресей жағы Киев Мәскеуге көгілдір отын үшін 4,5
миллиард доллар берешек деп отыр. Қарызын өндіріп алу үшін ресми Мәскеу
Стокгольм төрелік сотының көмегіне жүгінді. Киев
болса, Ресей 2010 жылдан бері көгілдір отынға төленген артық 6 миллиард
долларды қайтарсын деп қарсы шағым тастады.
Тоғыз келіссөз бен бітпес тартыстан шаршаған "Газпром" басшылығы енді Украина алдын ала төлем жасаған күнде ғана отын алады деп бір ақ кесті. Және, өнімінің 1 мың текше метрін Еуропаға 385
доллардан саудаласа, Украинаға 485-тен
аласыңдар деп талап
қойды.
Сергей Куприянов, «Газпром» ААҚ ресми өкілі:
Бүгінгі жағдайда біз Украинаның ескі қарызы бойынша да, не алдын ала қойылған шот
бойынша да бір тиын төлемегенін көріп отырмыз. Бүгіннен бастап "Нафтогаз" төленген газ көлеміне ғана сәйкес отын алады. Еуропа елдері келісімге
сай көгілдір отын
алып отыр. Егер де Украинаның "Нафтогазы" да олар сияқты газбен қамтамасыз етілгісі келсе, шарттарды орындау керек.
Ресей мен Украина арасындағы газ дауын өткен жексенбі күні түн жамыла өткен отырыс
барысында Еуроодақ та өзінше шешіп беруге тырысқан еді. Одақ қарызды өтеудің жаңа кестесін ұсынды. Алайда оған Ресей тарабы көнер емес.
Гюнтер Эттингер, энергетика бойынша еурокомиссар:
Менің ұсыныстарым қарыз өтеу жоспарына
байланысты болды. 1 миллиард долларды Украина ертең бірден аударады деп едім, ресейлік
серіктестеріміз ұсынысты қабылдамады. Олар 1,9 миллиардты бірден
аударсын дейді. Сонымен қатар, мен
газдың мың текше метріне 385 доллар бағаны сұрап отырмын.
Айта кетейік, экс-президент
Виктор Янукович тұсында Ресей Украинаға көгілдір отынды 268 доллар деңгейінде саудалаған. Мұндай төмен бағаны бүгінгі Украина билігі саяси пара
деп бағалап отыр. «Ресейдің белгілеген бағасы тым қымбат, төлемейміз, өзіміздегі газ қоры жеткілікті» деген Киев дегеніне жетті. Ең қиыны, көгілдір отыннан басталған дау саяси тартысқа ұласуда.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ