$499.51 €525.83 ₽4.62
×

БҚО ауруханасының асханасында санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталды

AstanaTV
17.06.2014ж. 20:00
1501
БҚО ауруханасының асханасында санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталды

Денсаулықты қадағалайтын дәрігерлер өз денсаулығына бей-жай қарайды. Прокуратураның кезекті тексеруі кезінде Батыс Қазақстан облыстық ауруханасының асханасында санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталды. Бұл аздай, жертөледе орналасқан буфет еш рұқсатсыз 7 жыл бойы жұмыс істеп келген.

Бұл жағдайдан тіпті тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы да бейхабар болып шықты. Ал осы олқылыққа жол берген екі қызметкер әкімшілік жазамен құтылды. Ал аурухана бастығының орынбасарына 100 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Наиль Акчурин, Орал қалалық прокуратурасының бөлім басшысы:

Буфетті аурухана басшылығы аудан-ауылдардан келген науқастарға тамақ беру үшін ашқан. Бірақ санитарлық талаптар бұзылғаны анықталғасын, облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының шешімімен буфеттің қызметі тоқтатылды.

Бұл қорытындымен аурухана басшылығы келіспейді. Олар жертөледегі тамақтану орнының өз қызметкерлеріне арналғанын жеткізді. Яғни кезекшілікке қалатындар осында ас дайындайды. Осы уақыт аралығында жұқпалы аурулардың табылмағанын да жеткізді.

Мұхамед Арыспаев, Орал қалалық тұтынушылар құқын қорғау басқармасының басшысы:

Асхананың жағдайы сын көтермейді. Төбесінен тамшы ағып, қабырғасы сыз тартқан. Тазалық сақталмағасын, бұрыш-бұрышқа өрмекшілер тор құрып тастаған. Тексеру санитарлық талаптың 16 пункті бұзылғанын анықтады. Осы даудан кейін аурухана басшылығы өз қызметкерлеріне арнап, жаңа асхана салуға кіріспек.

Еркін ҚАРИН