$478.96 €533.03 ₽5.22
×

Футболдан әлем чемпионатында «Н» тобының құрамалары топтық кезең ойындарын бастайды

AstanaTV
17.06.2014ж. 20:00
1075
Футболдан әлем чемпионатында «Н» тобының құрамалары топтық кезең ойындарын бастайды

Төрткүл дүние көз тіккен футболдан әлем чемпионаты жалғасуда. Бүгін «Н» тобының құрамалары топтық кезең ойындарын бастайды. Бұл сында Ресей футболшылары Оңтүстік Корея командасымен мықтыны анықтайтын болса, келесі ойында Бельгия және Алжир құрамалары сынға түседі.

Ресей құрамасы алғаш рет әлем чемпионатына 1994 жылы қатысып, топтық кезеңнен аса алмаған болатын. Одан кейін 2002 жылы да ширек финал жолдамасынан құр қалды. Үш мәрте Ресей футболшылары әлем чемпионатының іріктеу кезеңінен аса алмады. Енді биыл әлемдік додаға іріктеліп алынған Фабио Капеллоның шәкірттері бақ сынап көреді. «Н» тобындағы алғашқы кездесуін Ресей құрамасы Оңтүстік Корея командасына қарсы өткізеді. 2013 жылы екі команда өзара жолдастық кездесу өткізіп, ресейлік аяқ доп шеберлері 2-1 есебімен басым түсті. Дегенмен, жұпар иісті мемлекеттің футболшылары жауапты сын алдында аянып қалмайтыны анық.

Василий Березуцкий, Ресей құрамасының капитаны:

Бұл кездесуде біз қодан келгенше аянып қалмаймыз. Әлем чемпионатында осал команда жоқ. Сондықтан кездесулердің барлығы тартысты өтеді. Ең бастысы біз өз күшімізге сенімдіміз және жанкүйерлерді қуантуға тырысамыз.

Ресей құрамасының сапында жартылай қорғаушы Роман Широков жарақатына байланысты әлем чемпионатына қатыспайды. Дегенмен, Широковтың жоқтығына қарамастан команда сапында басқа тәжірбиелі футболшылар жетерлік. Оңтүстік Корея құрамасы 2002 жылы өз елінде өткен әлем чемпионатында талай мықтының сағын сындырып, 4-орынға қол жеткізді. Ал Қара Құрлықта өткен әлем біріншілігінде 1/8 финалға дейін жетті. Яғни жылдан жылға қарқыны мықты Жұпар иісті мемлекеттің футболшылары бұл жола да аянып қалмас.

Хо Мен Бо, Оңтүстік Корея құрамасының бас бапкері:

Бұған дейін өткен әлем чемпионаттарымен салыстырғанда, құрама жас ойыншылармен жасақталды. Тәжірбиенің аздығына қарамастан, мен жастарға үлкен сенім артамын. Ресей құрамасы Азия командаларымен салыстырғанда мықты. Дегенмен, біз жеңісті қолдан бере салатын команда емеспіз.

Оңтүстік Корея құрамасы қазіргі уақыттағы Азия құрлығындағы мықты ұжымның бірі саналады. Сондай-ақ аталған команда әлем чемпионатының жартылай финалына жеткен әзірге жалғыз құрама.

Самат ҚАНАҒАТОВ