$510.58 €571.8 ₽6.34
×

Қашағандағы жұмыстың тоқтатылуы «жаппай күйреу» емес

AstanaTV
18.06.2014ж. 10:00
1238
Қашағандағы жұмыстың тоқтатылуы «жаппай күйреу» емес

Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Мәскеуде Қашағандағы «қара алтын» өндірісінің уақытша тоқтатылуы «жаппай күйреу» еместігін мәлімдеді.

Оның айтуынша, жоба 2015 жылдың соңына қарай қайта жанданады. «Келесі кезең максималды түрде ұзақ мерзімді және сенімді болады», - деді Қарабалин.

Айта кетейік, әу-баста 2014 жылы 8 миллион тонна мұнай аламыз деп хабарланған еді. Қазір кен орнында жұмыс тоқтап тұр. Оған құбырлардағы ақау себеп болды.

Еске салайық, Қашағанда өндіріс жұмысы өткен жылдың қыркүйегінде басталмай жатып, тоқтаған еді. Ал кен орнының геологиялық мұнай қоры 4,8 миллиард тонна деп бағаланып отыр. Қашағанда коммерциялық мұнай өндірісі 2015 жылы басталуы мүмкін екенін жуырда Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев та айтқан болатын.

Жұрағат БАМАН