Қазақстандағы әуе билеттерінің тым
қымбаттығына сұйық отын бағасы мен қызметкерлерге кететін шығынның көптігі
себеп. Бұл туралы елдегі ірі әуе компания - «Эйр Астана» мен «SCAT» басшылары
мәлімдеді.
Алғашқысының лизингтік жүйе арқылы әуе
кемелерін сатып алуы - билеттерді жақын жылдарда арзандатуға мүмкіндік бермейді.
Ал әуе кемелеріне қажет жанар-жағармайдың тапшылығы тағы бар. Өйткені, «отандық
мұнай өңдеу компаниялары ішкі нарықты толық қанағаттындыра алмай отыр», - дейді
тасымалдаушы компаниялар жетекшілері. Салдарынан жанармайды шетелден сатып
алуға тура келіп отырса керек.
Питер Фостер, «Эйр Астана» АҚ президенті:
Қазіргі кезде Мұнай және газ министрлігі мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық
әл-ауқат қоры өкілдері Қазақстан аумағында әуе кемелеріне қажетті жанар-жағармайдың өндіріс көлемін арттыру мәселесін қарастырып жатқаны рас. Әрине,
бұл жақсы, дегенмен мұның көлемді инвестицияны қажет ететінін де түсіну қажет.
«Отандық жанармай аз, бағаны түсіре
алмаймыз», - деп отырған әуе компанияларына алдағы жылы ірі бәсекелес пайда
болайын деп тұр. Қазақстан үкіметі жаңа «Эйр Қазақстан» әуе компаниясын іске
қосу жүйесін қолдады. Көлік және коммуникация министрі Жеңіс Қасымбектің
айтуынша, бұл компания алдағы жылдың екінші жартысында жұмыс істей бастайды.
Ал, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат
қоры жаңа компанияның акционері болмақ. Жаңа
тасымалдаушы ішкі рейстерді орындайды. «Эйр Қазақстанды» әуе кемелерімен қамтамасыз ету үшін Bombardier
компаниясымен 10 ұшақты жеткізу туралы әріптестік келісім жасалған.
Илхам ИБРАГИМ