Керекуде дала өрті жиілеп барады. Төтенше жағдайлар
департаментінің мәліметіне сәйкес, тек бір тәуліктің ішінде 200 гектардай аумақ
отқа оранып, 60 тонна қарақұмық жанып кеткен.
Павлодар ауданына қарасты Даниловка
ауылындағы өрт құрғақ шөптің тұтануынан болуы мүмкін, - дейді мамандар. Оны ауыздықтауға бірнеше өрт сөндіру техникасы
жұмылдырылған. Құтқарушылармен қатар бұл іске жергілікті тұрғындар да атсалысты.
Ал, Успен ауданында тіркелген дала
өрті жергілікті шаруа қожалығын шығынға батырды. Дес бермеген қызыл жалын бүтін бір қойманы жалмады. 1100 шаршы метр
аумақты шарпыған өрт салдарынан қоймада болған 60 тонна қарақұмық жанып кетті.
Айта кету керек, өңірде бір аптадан
бері ауа температурасы +30 градустан түспей тұр. Құтқарушылар өрттің жиілеуіне
қапырық ыстықтың да әсері барын алға тартады.
Жанаргүл Әубәкірова, Павлодар облыстық ТЖД баспасөз
қызметінің өкілі:
Жалпы, өрт 22 сағат 36 минутта толықтай
жойылды. Қазіргі таңда өрттің себебі мен шығыны анықталуда.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ