$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Өскемендік түлектер алтын ұя мектебімен қоштасты

AstanaTV
19.06.2014ж. 20:00
1538
Өскемендік түлектер алтын ұя мектебімен қоштасты

Қазақстандық түлектер алтын ұя мектебімен қоштасты. Өмірдің жаңа белесіне жолдама болар аттестатты 100 мыңдай түлек қолға алды. Алтын белгі иегерлеріне де тиісінше құрмет көрсетілді. Өскеменде өткен мектеп бітірушілердің салтанатты шарасына аймақтағы әріптесім қатысып қайтқан еді.

Қала мектептерінің түлектері үшін Ертістің жағалауы бір сәт би алаңына айналды. 11 жылғы табанды еңбектің арқасында алтын белгіге қол жеткізген түлектер - кештің мәртебелі мейманы. Олардың саны - 37-і. Ерекше құрмет иелері салтанатты тойларда ғана жүретін көлікпен әкелінді. Ал Ұлттық біріңғай тестілеуде 124 балл жиып көзге түскен, Сая Сержанқызы әсемделген аттар жегілген күймемен келді.

Сая Сержанқызы, "Алтын белгі" иегері:

Өте қуаныштымын. Және өте қобалжып тұрмын. Болашақта Астанадағы Еуразиялық университетке түсіп өз оқуымды жалғастырып, білімімді шыңдап, жетілдірсем деймін.

Сая халықаралық қатынастар факультетіне құжат тапсырмақ. Айта кетейік, биылғы түлектердің 50 пайызы отандық жоғарғы оқу орындарына таңдау жасады. Әр қилы мамандықты меңгергісі келетін олардың мақсаты бір. Ел игілігі үшін еңбек ету.

Айна Бақытбекова, "Алтын белгі" иегері:

Бүгінгі күнге жету үшін ұзақ еңбек еттім. Астанаға оқуға түскім келеді енді. Алдағы мақсатым - ел дамуына еңбек ету. Әрине, алтын белгіні қорғау оңай болған жоқ.

Былтыр облыс бойынша 98 түлек алтын белгі иегері атанса, биыл олардың қатары 146-ға жеткен. Сондай-ақ, 2013-ші жылы бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындысына сай облыс он үшінші орынға табан тіресе, осы жылы сегізінші сатыға көтерілді. Ал түлектердің ән мен күйге бөленген мектеппен қоштасу кеші өмір бойы естерінде қалары анық.

Қанат ОРАЛБЕК