Аспан асты елінің экономикасы алдағы уақытта өсе түседі. "Бұл үшін оларға
ерекше талпыныстың қажеті жоқ", - деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан". Мұндай
мәлімдемені Қытай премьер-министрі Ли Кэцан Ұлыбританиядағы ресми сапары
кезінде жасаған.
Ол өз сөзінде «Жаппай қызықтыру шараларының орнына Қытай
билігі «ақылды және мақсатты әрекеттерге» сүйенеді. "Ал экономиканы қолдау
жалғаса бермек",- дегенді айтты. Премьер сонымен қатар бұған дейінгі бірқатар
сарапшылардың Қытай экономикасының өсу деңгейі баяулайды деген сөзін теріске
шығарды.
Ли Кэцан, ҚХР премьер-министрі:
Қытай үкіметі экономикалық өсімнің
7,5 пайыздан төмендеп кетпеуін қадағалап отырады. Бұл жаңа жұмыс орындарын
ашуға қажетті деңгей. Елдегі баға жылына 3,5 пайыздан артық қымбаттамайды.
Қытай премьерінің мәлімдемесі қаржы нарығындағы әріптестікке арналған
жиында айтылды. Дәл осы шарада Ұлыбританияның қаржы министрі қытай юаньінің
өсімі доллардан кем түспей отырғанын сөз етті. Оның сөзінше, юань құнының
көтерілуі алдағы он жылдықта әлемдік қаржы саласына айтарлықтай өзгеріс
әкеледі.
Ал Америка экономикасының осы жылға жасалған долбары көңіл
көншітпейді. Федералды резервтік жүйенің сәрсенбі күні келтірген дерегіне сай, бұл елдің экономикалық өсімі биыл біршама бәсеңдейді. Дегенмен алдағы екі жылға
арналған болжам жақсы. Сондай-ақ, жұмыссыздық мәселесі де оңтайлы шешілетін
болады. Бірінші тоқсанда АҚШ-тың ішкі өнімі 1 пайызға азайды.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ