$510.58 €571.8 ₽6.34
×

"ҚазАтомПром" 2016 жылға дейін Қатар елінде күн сәулесінен қуат алатын электр стансасын іске қоспақ

AstanaTV
20.06.2014ж. 20:00
1126
"ҚазАтомПром" 2016 жылға дейін Қатар елінде күн сәулесінен қуат алатын электр стансасын іске қоспақ

"ҚазАтомПром" Ұлттық компаниясы 2016 жылға дейін Қатар елінде күн сәулесінен қуат алатын алғашқы электр стансасын іске қоспақ. Аталған компания мұны Қатар Солар Енерджи және Клин Пауэр Инновэйшн компанияларымен бірлесе отырып жүзеге асырады.

Бүгін Астанада тараптар тиісті меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес Қазақстан күн сәулесінен қуат алатын батарея өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар мен кремний жеткізіп береді. Сонымен қатар осы саладағы ірі жобаларды басқа да араб елдерінде бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Мамандардың пайымынша, осының арқасында қазақстандық кремний өндірісін жылына 500 тоннадан 4 мың тоннаға дейін жеткізуге болады. 

Салим Аббаси, “QATAR SOLAR ENERGY” компаниясының бас директоры:

Таяуда біз күн сәулесінен қуат алатын электр стансасының құрылысын бастадық. Ол жылына 300 мегаватт электр қуатын өндіреді, кейін оның өнімділігін 2 жарым гигаваттқа дейін жеткізу көзделген. Бұған қазақстандық әріптестеріміздің көмегімен қол жеткіземіз деп үміттенемін. Себебі ең таза кремний осы елде өндіріледі.

Азат Бетекбаев, «ҚазАтомПром ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі:

Қатар елі - біз үшін стратегиялық әріптес. Олар тек шикізат алумен шектелмейді. Біз бірлесіп, Солтүстік Африка және Парсы шығанағы аумағындағы елдерде күн сәулесінен қуат алатын электр стансаларының құрылысын жүргізетін боламыз. Алғашқы осындай бірлескен жоба 2016 жылы іске қосылады.

Алдыңғы жаңалық