$510.58 €571.8 ₽6.34
×

Қарағанды облысында метаннан арзан электр қуатын алуға болады

AstanaTV
20.06.2014ж. 20:00
2101
Қарағанды облысында метаннан арзан электр қуатын алуға болады

Қарағанды облысында қоры елу жылға еркін жететін метаннан арзан электр қуатын алуға болады. Мұндай болжам Қарағандыда өткен арнайы форумда айтылды. Испандық мамандар өз технологиясымен бөлісуге әзір. Тіпті метан өнімі Қазақстанда өте арзанға түседі деп отыр. 

Қарағандының көмір кеніштері шетелдіктерді қызықтырып отыр. Әңгіме метанның қорында ғана емес, одан алынатын отынның пайдасында. Жаңа технологияның игілігін еліміз ғана емес, инвесторлар да көрмек. Испандықтар тіпті өз әдістерін қолдануға әзір.

Карлос Барат, «COBRO» компаниясының коммерциялық директоры, Испания:

Бізде газ өндіруде жергілікті ғана емес, әлемдік технологиялар да бар. Қазақстанмен бөлісуге әзірміз. Сіздердегі жобалар да ерекше екен. Менің ойымша, метанды өндіру Қазақстанда әлдеқайда арзанға түседі. Себебі ашық дала, жел және су бар.

Николай Дрижд, профессор, ҚР еңбек сіңірген кенші:

Ұңғыманы қазамыз, ол жерлерде жарықшақтар пайда болады. Су мен қышқыл қосамыз. Осылайша, газ бірден жоғары қарай шығады.

Ресейлік компания қазба жұмыстарын енді ғана іс жүзінде сынап көруде. Дегенмен, Қарағандыда да мұны пайдаланып көруге болатынын айтады.

Осындай қондырғы Ленин шахтасында жұмысын бастады. Газды жер бетіне шығара салып бірден электр энергиясына айналдырады. Бұл жарылыс пен көшкіннің орын алуына жол бермейді. Алынған жарық бүкіл шахтаның қажетіне жарауға жетеді. Сондықтан метанның болашағы зор. Отын ғана емес, арзан қуат көзі деп түйді мамандар.

Әнуар Ахметжанов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

Біз алдағы 3-4 жылда алғашқы көгілдір отын алуды жоспарлап отырмыз. «Сары-арқа» ӘКК жер асты қойнауын игеру бойынша екі бірдей келісім жасап үлгерді. Сонымен қоса біз әлеуетті инвесторлармен де жұмыс істейміз.

Болашағы зор жобамен танысқан «Арселор Миттал Теміртау» аймақта үш жаңа шахтаның құрылысына кірісіп кетті. Бірінші кезекте көгілдір отын Қарағанды мен Ақмола облыстарына беріледі деп күтілуде. Аймақ басшылары метанды жарататын шетелдік инвесторларға салықтан жеңілдіктер беру жөнінде Үкіметке ұсыныспен шығуды көздейді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ


 

Алдыңғы жаңалық