$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Оралда 2013 жылы жазда бітуі тиіс гүлзар құрылысы созылып кетті

AstanaTV
20.06.2014ж. 20:00
1337
Оралда 2013 жылы жазда бітуі тиіс гүлзар құрылысы созылып кетті

Оралда құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған гүлзар әлі салынып бітер емес. Жергілікті атқамінерлер бұл демалыс алаңының аяқталатынына былтыр уәде берген болатын. Бірақ бір емес, бірнеше жыл өтсе де, бұл уәде сөз күйінде қалып отыр. Еркін Карин толығырақ әңгімелейді.

Бұл - былтыр түсірілген көрініс. Өңір басшысына маслихат депутаты халық үшін салынып жатқан гүлзардың жоспарын таныстырып жатыр. Бірақ содан бері гүлзардың құрылысы алға баспады. Қазір де құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Әзірге бұған тек тұрғындар ғана алаңдаулы.

Гүлжамал Тұяқбаева:

Мына жолды істегелі, мектепке жүру-бару балаларға оңай. Бірақ мына жұмыстары үш жыл болды. Күзде қыркүйекте басталады. Сосын қарашада қар жауғанда бітеді. Май айынан бастап мына құрғақ кезде ешкім ештемеге қозғалмайды. Март айында мына екі нені салып берді, содан барына ризамыз.

Асылай Төралиева:

Енді оны жасамай жатыр ғой. Неліктен жасамай жатыр соңына дейін? Соны түсінбеймін. Жасауы керек қой негізі, балалар ойнауға жақсы болады. Үлкен адамдарға да ойнауға болады, мысалы.

Үш жылдың ішінде бұл жерге екі бірдей ойын алаңы салынып, жаяу жүргіншілер жолына өрнектас төселген. Бірақ бар жұмыс осымен тоқтап қалған.

Еркін Карин, тілші:

Тұрғындар бұл жерге субұрқақ салынарын білгенде, қуаныштарында шек болмағанын айтады. Бірақ олардың бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Арада бірнеше жыл өтсе де, субұрқақтың орнынан шаң шығып жатыр.

Ал шаһар басшысы құрылыстың тоқтап қалғандығын сол кезде қаржының болмағандығымен байланыстырды. Айтуынша, субұрқақтың құны жобада тым қымбат көрсетілген. Мұнда салынуы тиіс субұрқақтың құны жобада 120 миллион теңге деп көрсетілген. Қаржы болмаған соң, оның құнын 45 миллион теңгеге қысқартыпты.

Алтай Көлгінов, Орал қаласының әкімі:

Оған тиісті қаражат бөлінген. Оның фонтанның құны қымбат болды. Сондықтан жобалық-сметалық құжаттарға тиісті өзгерістер енгізіліп, бағасы төмендетіліп, одан үнемдеген қаражат сол саяжайдың өзіне жұмсалатын болады. Ол жұмыс күзге дейін бітетін болады.

Қала әкімі құрылыс жұмыстарының келер күзге дейін аяқталатынын айтып сендірді. Дегенмен, ұзаққа созылған сақалды құрылыстар бір мұнымен шектелмейді. Ұзақ жылға созылған Жайық өзені жағалауының құрылысы былтыр аяқталса, қалалық демалыс саябағындағы аспалы көпірдің құрылысы да әлі аяқталар емес.

Еркін КАРИН