Керекуде нан бағасы бірден 15 теңгеге қымбаттап кетті. 50 теңгеден
саудаланып келген әлеуметтік нанның құны 59-65 теңгенің арасында құбылып
тұр. Саудагерлер бұл әрекетке амалсыздан бардық дегенді айтады.
Негізгі
өндірушінің бірі «Павлодар нан-тоқаш комбинаты» өз тауарының құнын бір күнде
көтеріп жіберген. Бұған дейін кәсіпорын бір бөлкені 47 теңгемен босатып келсе,
бүгін 57 теңгеге өсірді. Осыдан соң сөрелердегі баға бірден 25 пайызға артып
кетті. Комбинат басшылығы бұған коммуналдық төлемдер мен жаңар-жағармай құнының
артуы себеп болды деп түсіндіреді. Аяқ-астынан аспандап кеткен баға қарапайым
жұрттың қалтасын қаққаны анық.
Бұл дұрыс емес. Бағаға ілесе алмайтын болдық. Күнде бірдеңе қымбаттайды.
Зейнеткерлерге 14 пайыз көтеріп еді, бірден нан бағасын 25 пайызға
өсірді. Нан күнделікті қажеттілік емес пе?!
Жергілікті билік бұл жәйттен хабардар. Ақпарат құралдары өкілдерін
жинаған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетов «Павлодар нан-тоқаш
комбинатымен» келіссөз жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қазіргі мәліметке сенсек,
нан бағасы ертең өз бағамына түсуі тиіс. Ал бүгінгі ахуал азық-түлік
корпорациясында арзан ұнның таусылуынан туындаған. Сондықтан әкімдік өнімді
нарықтық бағамен алуға мәжбүр.
"Тоннасы 28 мың теңге болған ұн, жеке меншік
иелерінен 46 мың теңгеге сатып алынуда", - деді өңір басшысының орынбасары.
Алайда азық-түлік корпорациясы да қарап жатқан жоқ. Ауыл шаруашылығы
министрлігі қабылдаған қаулыға сай арадағы 14 мың теңге лизинг арқылы
қайтарылмақ. «Павлодар өңірінде ұн тапшы» деген әңгімені билік жоққа
шығарды.
Нұржан Әшімбетов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:
Қазір біз ұн илейтін кәсіпорындарға астықты уақытында жіберіп жатырмыз. Ұн
бізде жеткілікті. Барлық наубайханаларға жететін ұндарымыз арзандатылған
бағамен, 46 мың теңге тоннасы, келісі 46 теңге жеткілікті.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ