Ақтөбе облысында мемлекеттік бағдарламалардың қатарындағы бірқатар
жобалардың жүзеге асуы ақсап тұр. Атап айтсақ, ауыл шарушылығы мен шағын және
орта бизнестің ауылдарда дамуы артта қалған. Бүгін аймақта жұмыс
сапарымен болған Нұрсұлтан Назарбаев облыс басшылығына жағдайды жөнге келтіруді
тапсырды.
Тау-кен қазу саласы өңдеу кәсіпорындарынан оқ бойы алда. "Мысалы, еліміздің индустрияландыру картасына енген ақтөбелік 11 жоба толық мүмкіндігін
пайдалана алмай келеді", - деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасы Президенті:
90-шы жылдардың басында тау-кен өндірісі 72 пайызды, ал өңдеуші өнеркәсіп
саласы 68 пайызды құраған еді. Біз жұмыс жасап, жаңа нысандарды пайдалануға
беріп жатырмыз, бірақ бәрі керісінше болып отыр: тау-кен өндірісі - 78 пайыз,
ал өңдеуші өнеркәсіп саласы 22 пайызға дейін құлдырады. Мәселен,
индустрияландыру картасы бойынша пайдалануға берілген 11 нысан толық күшіне
енген жоқ. Біз одан өнім алғымыз келеді.
Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі:
11 жобаның 6-ы қалды қазір. Барлығы қазір мәселелерін шешті. Жақын арада
өнімдерін өндіреді. Мәселелері шешіліп жатыр.
Жұмыс сапары барысында мемлекет басшысы үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытының
2-кезегін іске қосты. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының негізгі
жобасы боп есептелетін бұл нысан Бейнеу-Бозой-Шымкент бағытындағы құбырларды
көгілдір отынмен толық қамтамассыз етуге қауқарлы. Бүгін мұнан өзге жылына 440
мың тонна жоғары көміртекті феррохром өндіретін «Қазхром» акционерлік қоғамының
бірінші балқыту пеші пайдалануға берілді.
Биылғы жылдың соңына дейін 227 мың
тонна өнім шығару жоспарланып отыр. Аймақтағы жұмыссыздық мәселесін де шешуге
мүмкіндік береді. Сондай-ақ Елбасы өткен жылдың соңында ашылған «Достық» спорт
кешеніне соқты. Судағы спорт түрін дамытуға бағытталған бұл мекеме болашақ әлем
чемпиондары мен олимпиада жүлдегерлерінің бесігі болуы тиіс екенін ескертті.
Осыдан кейін Президент жергілікті бизнес өкілдерімен жүздесіп, кездесуде
өңірдің дамуы және инвестициялық мүмкіндіктерін талқылады.
Мансұр ЕСҚОЖИН