$498.34 €519.72 ₽4.85
×

2015 жылдан бастап Байқоңырдағы "Зенит-М" зымыран ұшырғыш кешені Қазақстан иелігіне өтеді

AstanaTV
23.06.2014ж. 20:00
1464
2015 жылдан бастап Байқоңырдағы "Зенит-М" зымыран ұшырғыш кешені Қазақстан иелігіне өтеді

2015 жылдан бастап Байқоңырдағы "Зенит-М" зымыран ұшырғыш кешені Қазақстан иелігіне өтеді. Бұл жоба экологиялық зардабы орасан зымыран тасығыштардан құтылудың бірден бір жолы болмақ. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Бас ғарышкер Талғат Мұсабаев мәлімдеді. Сондай-ақ ол бағы ашылмаған "Бәйтерек"  ғарыш-зымыран кешені құрылысы кімдердің кесірінен тоқтап тұрғанын айтып берді. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады. 

"Зениттің" қазақтың иелігене өтуі Байқоңырды әлемдік деңгейде бәскеге қабілетті ете түседі. Бір. Екіншіден ел-жұртты зәрезап қылған аса улы "Протоннан" құтылуға жол ашпақ. Бұрын Ресейге мұндай талап қойылған. Бірақ көршіміз қыруар қаржыны қимағанын "Қазғарыш" жетекшісі жасырмады. Түптеп келгенде зиянсыз "Зенитке" көшу қазақ ғарыш саласының мойынан жүктелетін сынды. Мұсабаев тіпті "Протон" проблемасын көтергені үшін өзі де "таяқ жегенін" мойындады.

Десе де бірер күн бұрын Ресей тарапы Байқоңырдағы экологиялақ ахуалға қатысты Қазақстан заңы ескерілетін үкіметаралық шешім қабылдаймыз деген сыңай танытқан. Алайда тағы талап қойған. "Союз" зымыран тасығыштарының бөлшектері құлайтын аймақ ретінде Солтүстік Қазақстан аумағын қолқалапты. Мұсабаев Үкімет бұған әзірге үзілді-кесілді қарсы дейді. 

Ішкі түткілдерге оралсақ. Енді Қазсат-3 қолданысқа енсе, мобильді байланыспен қамтамасыз етіп тұрған шетелдік спутниктердің қызметі үшін ақы төлеп шығындалмаймыз. "Жылына 4 млрд теңгені үнемдейміз", - дейді Мұсабаев. Бірақ бұған дейін ұшырылған "Қазсат-2-нің" мүмкіндігі толық пайдаланылмай отыр. Мәселен, байланыс саласында 38 пайыз, хабар таратуда 66 пайызды құрайды.

Егер отандық жер серігіне жүгінсек, байланыс жүйесі де  телеарналар үшін хабар тарату да әлдеқайда арзанған түсер еді. Бірақ үкімет  байланыс саласында 2016 жылға дейін, хабар таратуда 2019 жылға дейін шетелдіктермен ұзақ мерзімді келісім жасасып қойған. Оны бұзса, аса ірі көлемде айыппұл арқалаймыз деп, баспай отыр. "Алайда мұндай тығырықтан шығу Үкіметтің табандылығына байланысты", - дейді Мұсабаев.

Сондай-ақ бүгін Мұсабаев  үкімет жомарттық танытып, ғарыш саласына жылына 200-300 млн доллар бөлсе, 10 жыл ішінде Ресейді,  АҚШ-ты қуып жетеміз деп сендірді. Бірақ басқасын айтпағанда, зерттеу зертханаларын жабдықтауға жеті жылдан бері алақан жайып келеміз деп шағынды.

Мұсабаевтың айтуынша, "Бәйтерек" ғарыш-зымыран кешені құрылысының кешігуіне Ресей тарапының құйтырқы әрекеттері кесірін тигізген. Әу баста біздің "Бәйтерек" "Ангара" зымыран ұшырғышы негізінде салынуы тиіс болған. Бірақ Ресей оның құнынын жеме-жемге келгенде  224 млн доллардан 2 миллиардқа, яғни 7 есеге қымбаттатып жіберген. Сөйтіп келісім бұзылған.

Енді "Бәйтеректің" құрылысы жуырда иелігімізге алатын "Зениттің" негізінде басталуы керек. Тағы бір айта кететіні, биыл жерді қашықтықтан бақылайтын екі бірдей КазЕОСАт қондырғысы ұшырылған. Ол аграрияда тағы басқа салаларда пайдаға аспақ. Бұйыртса, құрылғы қыркүйекте толық орнығып, іске қосылады деген үміт бар.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ