$513 €541.16 ₽4.69
×

Әлемге әйгілі ағылшындық екі деңгейлі «Рутмастер» автобустары Астананы бағындыруда

AstanaTV
23.06.2014ж. 20:00
1654
Әлемге әйгілі ағылшындық екі деңгейлі «Рутмастер» автобустары Астананы бағындыруда

Әлемге әйгілі ағылшындық екі деңгейлі «Рутмастер» автобустары Астананы бағындыруда. Ұлыбританияның аңызына айналған қызыл түсті көлік елорда көшелерін кезгелі екі жылдан астам уақыт болыпты. Лондондық «даблдекерден» қазақстандық зәулім көліктің ерекшелігі - қоғамдық бағдарларда жүрмейді. Шет елдік көліктің отандық жолдардағы қызығы мен қиындықтары туралы тілшіміз Азамат Алдоңғаровтың материалында.

Салқын самал есіп, айналаны таңғалдырып кептелістің екпінімен асықпай біз келеміз. Астыма мінген ағылшынның екі деңгейлі аңыз автобусы - «рутмастер». Қазақшаласақ «жол қожайыны». Алайда қожайынның Астананың тар көшелерінде кешкен күні атына сай қожалық емес. Ағылған жеңіл көлік басып озып, жолын кес-кестеп қиып өтуге құмар. Қызыққандар қатар келіп, жүргізушінің көңілін бөліп сауалдың астына алуда.

Астаналық «Кочевник» туристік агенттігі осыдан екі жыл бұрын елорданың көлік ағысына қос бірдей шет ел автобусын қосты. Негізгі мақсаты - жас қалаға мейман болып келген жандардың көңілін табу. Аптаның 4 күнінде шахардың әсем жерлеріне саяхаттар, ал демалыс күндері тақырыптық кештер өткізіледі. Кезекті жексенбі балаларға арналды. Теңіз қарақшыларымен бірге саяхатқа аттандық.

Әсел Байтелякова туристік агенттіктің басшысы. Көліктерді елімізге әкелудегі басты мақсат - қаладағы туризмнің жаңа түрін дамыту дейді. Халық арасында қызығушылық жоқ емес. Алайда қиындықтар да бар.

Әсел Байтелякова,  «Кочевник» туристік агенттігінің басшысы:

Автобустың қазіргі таңдағы негізгі проблемасы - арнайы аялдамалардың болмауы. Демалыс, мерекелік күндері тұрақтардың барлығын жеке көліктер толтырады. Осы тұста бізге билік тарапынан көмектің жоқтығын айтқым келеді. Қазір бізге керегі арнайы аялдамалар мен арнайы белгіленген жол жолақтары.

Бұндай көліктер Еуропа елдерінде кең тараған. Екінші қабаттың ашық алаңынан қаланың келбеті ерекше. Астананың өсуімен оған деген шет ел азаматтарының қызығушылығы еселеп артып отырғанын ескерсек, аталмыш транспорт қаланы таныту таптырмас құралы. Тар автомобиль терезесінен көрінетін сурет мына биіктіктен ашылған керемет көрініспен таласа алмасы сөзсіз. 2017-де болатын халықаралық көрмеге келетін сан мың қонақты ескерсек туризмнің мына түрі тіпті ұтымды.

Әсел Байтелякова,  «Кочевник» туристік агенттігінің басшысы:

Жоба қаланың мәдени өмірін жандандыруға бағытталған. Қала әкімідігімен бірлескен шаралар ұйымастырсақ деп едік. Алайда әкімдік тарапынан әзірге  қызығушылық жоқ. Дамыған елдерде кәсіпкерліктің бұл түрі мемлекет қолдауымен жүзеге асады. Турист күту бірінші кезекте қаланың, мемлекеттің имиджі ғой. Біз де бұндай көмектен бас тартпас едік. Бірақ әзірге өз күшімізбен жұмыс істеп жатырмыз.

Қазақстанның туризм саласын дамытуды алып құрылыстан емес, бірінші кезекте осындай шағын жобалардан бастасақ та, біраз шаруа тынар еді. Бұл көлік құралы бір жүргенде, 66 жолаушыны алып жүреді. 3 тілді жолсерік Астананың тарихынан сыр шертіп, жас мемлекеттің жетістіктерін тізіп, бас қаланың сәні мен сәулетін қонаққа паш етеді. Бір жарым сағаттық саяхаттан кейін 66 шет ел азаматы біздің ел туралы пікір қалыптастырады дей бер. Қарап тұрсақ, стратегиялық маңызды сауық түрі.

Азамат Бектұрғанов,  Астана қаласының тұрғыны:

Мен біздің әсем қаламыздың тұрғынымын. Қонаққа анам мен қарындасым келіп оларға мәдени іс шара ұйымдастырайын дедім. Ұйымдастырушыларға шексіз алғыс айтамын. Бұдан бұрын автобусты қаладан бірнеше рет көрген едім, еріксіз қызықтырады.

Баға демекші. Қала бойы саяхат ересектерге 2400 теңге, ал балаларға тең жартысын - 1200 теңгені құрайды. Әлеуметтік топтарға арнайы жеңілдіктер қарастырылса, соғыс ардагерлеріне жүріс тегін. Түскен табыстың бір бөлігі мелекет қазынасына салық ретінде үздіксіз түсіп жатыр.

Шағын кәсіптің мемлекеттен бір-ақ тілегі бар. Арнайы жол жолақтары мен аялдамалар ұйымдастыру. Қазақстанда теңдесі жоқ сауық түрінің елордаға қонақ тартатыны сөзсіз. ЕХРО-2017-де елімізге ағылатын миллион туристке не көрсетеміз дегенде де, бірінші кезекте табиғи сұлу өлкелеріміз бар. Ал оны қалай көрсетеміз деген сауалдың жауабын бүгінгі саяхат агенттігі ұсынып көрді. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ