"Квазимемлекеттік сектор қаржысына бақылау жүргізетін ведомствоаралық жұмыс
тобын құру керек. Осы арқылы ұлттық компаниялар қаржысын қадағалаймыз". Мұндай ұсынысын Қаржы полициясы төрағасының орынбасары Марат Ахметжанов
Мәжілістегі экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген
отырысында мәлімдеді. Ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып
алу жүйесінде отандық тауар өндірушілерді қорғау мәселесі қаралған жиында
барлығы бір ауыздан саудада ортақ принциптер болу керек дегенді айтты. Өйткені
сатып алуларда заңбұзушылық толастамай отыр. Әсіресе ұлттық компаниялар мен
холдингтер секторындағы жүйе көлеңкелі.
Марат Ахметжанов, ЭСЖҚКА төрағасының орынбасары:
Квазимемлекеттік сектордағы активтер тиімсіз басқарылады. Оған ұлттық
компаниялар бөлген қаржының жымқырылу фактілері дәлел. 2013 жылы 9,5 млрд теңге
шығын әкелген 184 қылмыс ашылды. Ұлттық компаниялар жүргізетін сатып алулар
ашықтықты қажет етеді.
Қаржы полициясы тек мониторинг жүргізу арқылы 5 млрд теңгенің мақсатсыз
жұмсалуына тосқауыл болған. Тіпті электронды сатып алу жүйесі де киберқылмысқа
жол беріп, жетілдіруді қажет етіп тұрған көрінеді. Ал фармацевттер сатып
алуларда отандық тауар өндірушілерге деген үкімет қолдауы жеткіліксіз екенін
айтып шағымданды. Қазақ нарығын Ресей дәрілері жаулап жатыр дейді. Бүгінде
бізде көрші елдің мыңға жуық препараты тіркелген болса, Қазақстанда шығарылған
дәрі-дәрмектің Ресейде тек 8 түрі ғана сатылады.
Серік Сұлтанов, «Фарммединдустрия» қауымдастығының президенті:
Бүгін Ресей біздің сатып алулар нарығымызға ұмтылып отыр. Ал бізді тіркеу
сатысына да жібермейді. Оларда 1 препаратты тіркеу құны 100000 доллар. Ал бізде
ол сомма 4 мың долларды құрайды.
Айгүл ӘДЕПБАЙ